
Сенат жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады.
Қазақстанда жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды құжат Сенатта мақұлданды.
Аталған заңның негізгі мақсаты – 2011 жылғы 26 қарашада Токио қаласында қол қойылған Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын (Токио конвенциясын) Қазақстанда ресми түрде ратификациялау. Бұл құжат өңір елдері арасында жоғары білім туралы біліктілікті бағалау мен танудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.
Токио конвенциясын ратификациялау арқылы Қазақстан ұлттық ақпарат орталықтарының Азия-Тынық мұхиты желісіне қосылып, білім беру құжаттарын тану жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.
«Конвенция академиялық және кәсіби мобильділікті кеңейтуге, дипломдар мен біліктіліктерді тануға жеңілдетуге бағытталған. Қазақстан конвенцияға қосылу арқылы студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігін кеңейтуге, ұлттық білім жүйесіне халықаралық тұрғыда мойындатуға көмектеседі. Қазір біліктілікті тану процесінде бірқатар шетелдік білім беру ұйымдарымен кері байланыс жоқ. Олардан дипломдардың түпнұсқалығын растау, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарының аккредиттелуін белгілеу үшін ресми жауап талап етіледі. Көп жағдайда Қытай, Моңғолия, Корея, Жапония сияқты елдердің оқу орындары мен құзырлы органдарына ақпарат беру қиынға соғып отырғаны белгілі. Сондықтан Токио конвенциясы Қазақстан болашағы үшін стратегиялық маңызды болып есептеледі», – дейді сенатор Руслан Рүстемов.
Конвенция Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін білім беру қызметтерін экспорттайтын жаңа нарықтар ашуға, Қазақстанның жоғары білім жүйесіне деген сенімділікті арттыруға жол ашады.