Пиццаға тапсырыс көбейгені АҚШ Иранға соққы жасайтынын білдіре ме

Жақында Пентагондағы «пицца индексі» деп аталып кеткен көрсеткіш 1000%-ға өскені туралы хабар тарап, жұрт АҚШ Иранға қарсы соққы жоспарлап отырған жоқ па деген болжам жасады. Желіде тараған мәліметке сенсек, АҚШ Қорғаныс министрлігі маңайындағы пиццерияларға осы күндері әскерилерден тамаққа тапсырыс күрт артып, дәмханалар күні-түні тынбай жұмыс істеумен болыпты-мыс.
Пицца индексі деген не
Пицца индексі – журналистер мен сарапшылар біраз жылдан бері қолданып жүрген бейресми, кекесін сипатындағы көрсеткіш. Айтуларға қарағанда, Пентагонға таяу жерде орналасқан пиццаханаларға сыртқа тамақ жеткізуге тапсырыстардың әдеттегіден көп түсуі әскери ведомстводағы жоғары шенділердің оңаша қалып, төтенше мәжілістер өткізуімен, арнаулы операцияларды пысықтауымен тұспа-тұс келеді. Отырыстар ұзаққа созылып, үзіліс жасап, жүрек жалғап алу қажет болғанда, сырттан пицца алдырады екен.
Иранға не қатысы бар
Осы жолы пиццаға тапсырыстың көбейгенін Ирандағы жағдаймен байланыстырып жатқандар бар. Атап айтсақ, жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Иранда өкіметке қарсы бас көтергендерге қолдау білдіріп, ереуілді тоқтатпауға үндеп, көтерілісшілерге қол ұшын созатынын жазған.
Осыған ұқсас жайт АҚШ-тың арнаулы жасағы Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстап, елден әкеткен кезде болған. Сол шақта «пицца индексі» 700%-ға өскен деседі.