Полиция Нұрай Серікбайдың жақындары айтқан жаңа деректерге нақты жауап бермеді

Шымкент қалалық тергеу соты 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы жігітті 2 айға қамауға алу туралы санкция берді. Іс «Адам өлтіру» бабымен тергелетін болды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
«21 жастағы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған кешенді тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты соттың санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды» делінген полиция хабарламасында.
Бұдан бұрын марқұмның туыстары күдікті былтыр қазан айында Нұрайды еркінен тыс алып қашқанын, оған қыз да, отбасы да көнбегенін айтқан. Аталған жайт бойынша полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай оған кешірім берген. Бірақ кейін қыр соңынан қалмай қойған. Марқұмның жақындары осыдан соң полиция мен прокурорға арызданғанын, алайда құзырлы органдар әрекетсіздік танытқанын айтқан. Осы ақпарат шыққаннан кейін, желіде полиция дер кезінде әрекет еткенде оқиғаның арты қайғылы жағдайға душар етпес пе еді деп пікір білдіргендер көбейді.
Азалы әулеттің бұл айтқандарын Шымкент қалалық полиция департаменті растамады, жоққа да шығармады. Тек тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
«Марқұмның туыстары келтірген барлық уәждер мен деректер бойынша тексеру жүргізілуде. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады» делінген полиция хабарламасында.
11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ арада екі күн өткенде ұсталды. 21 жасында бақиға аттанған бойжеткеннің жақындары әділдік іздейді.