Жаңалықтар

«Қасқа, Құдай сақтаған екен»: жоғалған әулеттің көршісі естігенін айтты

Қылмыс болған үй / Фото: kursiv.media

Атырау облысындағы Жангелдин ауылындағы жантүршігер қылмыстың мән-жайы әлі талқыланып жатыр. Kursiv.Media тілшісі Жангелдин ауылына барғанда отбасының көршісі Гүлшырын атты әйелмен тілдесті.

Гүлшырын отбасын танитынын, бәрі қарапайым адамдар екенін айтады.

«Бәрінің үйі шарбақпен қоршалған соң кімнің үйінде не болып жатқанын білмейміз ғой. Кім келіп, кім кетіп жатқанын да. 4-5 қараша күні ауылда болған жоқпыз. Атырауға кетіп қалған едік. Анда-санда Мақсотты көретінбіз. Мал қарайтын. Малын қарап жүргенде сыртқа шыққанда көріп қалатынбыз. Көреміз, араласамыз. Ал әйелі Нәсіпхан үйінен шықпайтын. Анда-санда дүкеннен көреміз», – дейді ол.

Гүлшырын жолдасымен Атырауға тойға барғанда, таныстарынан «көршілеріңіз жоғалып кетіпті ғой» деген әңгімені естіген. «Ой қой» дестік дейді. Оның алдында отбасының бір мүшесін Ташкентке емдетуге алып кетті дегенді естіген.

«Мақсоттың қой кезегі келгенде, қойын сатып жіберді деп естідік. Ақша керек болды ма деп таңғалдық. Төртеуі де жәрдемақы алатын, неге сатты екен деп ойланып қалдық. Мән бермейсің ғой. Екінің бірі емделеді, Ташкентке, анда-мұнда барады. Осындай оқиға болды дегенде шок болдық. Әлі күнге дейін… Қазір қорқамыз. Құдай сақтаған екен, біз Атырауға кеткенде балам үйде болды ғой. Қасқа, Құдай сақтаған екен. Бала үйде есікті кілттеп алып отырған. Бұрын есікті құлыптамай, ашық-шашық қалдыра беретінбіз. Қазір есікті құлыптайтын болдық. Сыртқа шыққанда бұрынғыдай емес қорқамыз», – дейді ол.

Гүлшырын әулеттің ұлы Наурыз Атырауға жұмысқа кетті деп естігенін айтты. Екі ортада такси болып та жүрген.

«Мұндай оқиға қалай болды деп бәрі таңғалады. Күйеубаласын танымаймыз. Ақбаян балалардың ішінде еті тірі, пысық, белсенді болатын. Қандай жағдайға ұшырағанын кім білсін»,– дейді көршісі.

Еске сала кетейік, Атырау облысында бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Отбасының ұл-қызы Наурыз бен Мейрамгүлден әлі күнге дейін хабар жоқ. Ал әулеттің күйеубаласына халықаралық іздеу жарияланған.

Kursiv.Media тілшісі қылмыс болған Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына барып, оқиғаның мән-жайын біліп көрген еді.