
2025 жылы өңірлердегі жергілікті бюджеттер артығымен (1,8%) орындалды. Әсіресе, салық түсімі жақсы (3,9%). Kursiv.Media салықтан тыс түсімдерге, соның ішінде жер учаскелері мен тұрғын үй саудасынан түскен пайдаға назар аударды. Өйткені ресми деректер тұрғын үй мәселесінің шиеленіскенін аңғартты.
Жалпы табыс
Былтыр жергілікті бюджеттер 15,3 трлн теңге кіріс табады деп болжанған, бірақ жоспар артығымен орындалды – 17 трлн теңге.
Салық түсімдері 7,3 трлн теңге болады деп болжанса, жыл аяғындағы түсім 8,7 трлн теңгеден асты. Салық жоспары 3,9%-ға артық орындалды.
Жер мен тұрғын үй сату
Дегенмен салықтан бөлек түсімдер аз екенін көріп отырмыз. Жыл басында 256,8 млрд теңге табу көзделсе, нақты орындалғаны – 178,2 млрд теңге. Жоспар орындалмаған. негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің ішіне жер учаскелері мен тұрғын үйлер де кіреді.
Азаматтарға пәтер сатудан (көбіне коммуналдық тұрғын үй қорынан, кезекте тұрғандарға немесе аукцион арқылы) шамамен 207,8 млрд теңге түседі деп жоспарланған еді. Алайда жыл аяғында бар болғаны 112,6 млрд теңге ғана табыс кірген. Жоспар екі есе аз орындалды. Бұл тұрғын үй мәселесінің шиеленіскенін аңғартады.
2025 жылы пәтер сату күрт төмендеген. Бұл нарықта сұраныс азайғанын немесе мемлекеттік пәтерлерді сату процесі қиындағанын білдіреді. Адамдар ипотека ала алмай қалды, болмаса қымбат бағаны қалтасы көтермейді.
Дегенмен жергілікті биліктер жер учаскелерін жақсы сатып жатыр. Жоспар артығымен орындалып (3,4%), 2025 жылы жер сатудан 51,3 млрд теңге түскен.
Былтыр ауыл шаруашылығы жерлері сатылған жоқ.