Жаңалықтар

Әлем елдері Ирандағы азаматтарын әкетіп жатыр

Иран наразылық
фото: shutterstock

Вашингтон мен Тегеран арасы қатты шиеленісіп кеткен тұста, әлем елдері азаматтарына Ираннан тезірек кетуге кеңес берді.

CNN мәліметінше, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ірі әскери базаларындағы кейбір жауынгерге Қатар аумағынан кетуді тапсырған. Бұл туралы телеарнаға америкалық бір шенеунік айтқан. Ол мұндай әрекетті «сақтану шарасы» деп түсіндірген. Ал бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда жүрген азаматтарының бәріне осы елден тезірек кетуге кеңес берген.

Бұл уақытта Қатар үкіметі азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келетін әрекеттің бәрін жасап жатқанын мәлімдеді. Иран осы елдегі америкалық әскери базаны атқылауы мүмкін деген қауіп бар. Қатарда Әл-Удейд әуе базасы орналасқан.

Еуропа елдері де азаматтарын Ираннан әкетуге тырысып жатыр. Италия сыртқы істер министрі азаматтарға осы елден тезірек кетуге кеңес беріп, Ирак пен Кувейттегі өз әскерін қорғау мақсатында шара қабылдады.

Германия билігі әуе компанияларына Иран әуе кеңестігінен алыс ұшуға кеңес берді. Бұған қоса, Lufthansa Тель-Авив пен Амманға күндізгі рейстерді ғана орындайтынын ескертті.

Ұлыбритания Тегерандағы елшілігі уақытша жабылғанын жариялап, дипломаттарын Ираннан шығарып жатыр. Сыртқы істер министрлігі азаматтарына Иранға бармауға кеңес берген.

Испания билігі де азаматтарына Иран аумағынан «мүмкін болған әдіспен» кету керектігін ескертіп, бұл елге әзірге бармау керек деп мәлімдеді.

АҚШ-тың Сауд Арабиясындағы елшілігі америкалықтар мен дипломаттарға сақ болуға, әскери нысандардан алыс жүруге кеңес беріп отыр.

Үндістан Air India әуе компаниясының осы аймаққа қатынайтын ұшақтары бағытын өзгерткенін ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 28 желтоқсанда Иранда халық көтерілісі бұрқ ете қалды. Ирандықтардың көшеге шығуына ақшаның қатты құнсыздануы себеп болды. Тегеран көтерілісті күшпен басып жатыр. Трамп Иранға шабуылдауы мүмкін екенін ескертсе, Тегеран өңірдегі америкалық базаларға соққы жасауға дайын отыр.