FlyArystan-ның үш қызметкері ақша ұрлады деген айыппен сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock

FlyArystan әуе компаниясының аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған үш қызметкеріне үкім шықты. Дәуір Еркенұлы 9 жылға , Еркін Исанов пен Ренат Абулханов 8 жыл 6 айға сотталды. Бұл туралы Kursiv.Media журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасында жарияланған мәліметке сүйене отырып хабарлады.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі үш топ-менеджерге шығарылған сот үкімі туралы мәліметті кейінірек тарататынын Kursiv.Media-ға мәлімдеді.

Қымбат автокөліктері де тәркіленеді

Іс Алматы қаласы Алмалы ауданды сотында қаралды. Сот үшеуін де «Аса ірі көлемде ақша жымқыру», «Лас жолмен түскен ақшаны заңдастыру» айыптары бойынша кінәлі деп тапты.

Еркенұлы, Исанов және Абулхановтың дүние-мүлкі тәркіленеді. Бұған қоса, үшеуі де бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды. Олар қауіпсіздігі орташа мекемелерде жазасын өтейді.

Судья олардың тергеу изоляторында отырған бір күнін түрмедегі бір жарым күнге теңестірді. Еркенұлы мен Исанов 2024 жылғы 18 желтоқсаннан, ал Абулханов 2024 жылғы 24 желтоқсаннан бері қамауда отыр.

Үкімде Дәуір Еркенұлы мен оның туыстарының атына жазылған төрт қымбат автокөлікті тәркілейтіні айтылған. Тізімде Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry, Mercedes-AMG және Zikr автокөліктері бар.

Сотталушылар үкімге шағым түсіре алады.

Топ-менеджерлер айыппен келіспейді

Сот барысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Абулхановтың тергеу абақтысында өз қолымен жазған алты беттік хаты, мессенджерлердегі әңгімелердің скриншоттары тараған. Онда топ-менеджер сотталушы Air Astana әуе компаниясының басшылығын айыптаған. Атап айтқанда, скриншоттарда компания басшысы Питер Фостердің әйелі Татьяна Фостердің аты аталған. Министрлер де арзан билет сұратқаны туралы мәлімет жарияланған.

Әуе компаниясындағы ұрлық 2024 жылғы тексеру барысында анықталған. Сол кезде 1 млрд 54 млн теңге ақша жымқырылғаны айтылған.

2025 жылы ұшақ моторындағы ақау салдарынан Air Astana 25,5 млн доллар жоғалтты. Былтыр қазанда Фостердің қызметтен кететіні мәлім болды. Оның орнына биыл көктемде түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.

Сондай-ақ оқыңыз