Қытайлардың Түркістанда жинаған мақтасы не себепті өртенді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Xinjiang Lihua қытай компаниясы Түркістан облысы өрт
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанға 600 млн доллар инвестициямен кірген Xinjiang Lihua қытай компаниясы Түркістан облысында еккен мақтасы өртенгеніне байланысты арыз-шағым түсірмегендіктен, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Жоғарыдағылар шу шығарма деген

Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Темір ауылындағы өрт 2025 жылғы 14 желтоқсанда түстен кейін тұтанған. Қытай компаниясының осы ауылдағы мақта пунктінде 260 тонна мақта жанып кетті. Құтқарушылар 360 шаршы метрге жайылған жалыннан 4240 тонна мақтаны сақтап қала алды. Өртті ертесіне таңертең ғана сөндірді.

Kursiv.Media осы оқиғаға байланысты Түркістан облысының құзырлы органдарына шығып, мәлімет сұратты. Жергілікті полиция Темір ауылындағы өртке қатысты іспен төтенше жағдайлар қызметі айналысып жатқанын хабарлаған.

Ал Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті өртке қатысты қойылған көп сауалға қысқа ғана жауабын енді ғана жолдады. Мекеме мәліметінше, мақтаның өртену себебі әлі анықталып жатыр.

«Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының Өрт сынақ зертханасының сараптама маманы тағайындалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді сауалымызға құзырлы мекеме өкілі.

Бұған қоса, Отырардағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалмағаны мәлім болды. Өйткені оңтүстіктегі тақыр жерге мақта еккен қытай компаниясы арыз-шағым түсіруді жөн деп таппапты.

«Аталған оқиға бойынша Xinjiang Lihua (Group) қытай компаниясы тарапынан ешқандай арыз-шағымы түспегендіктен, бүгінгі күні қылмыстық істің қозғалмағанын жеткіземін», – деп хабарлады департамент өкілі Kursiv.Media-ға.

Түркістан облысындағы жағдаймен жақсы таныс дереккөздің айтуынша, мәселенің халықаралық сипаты басым болғандықтан, «жоғарыдан шу шығармау, мәлімет таратпау» туралы тапсырма түскен.

Түркістан облысы Отырар ауданы мақта зауыты қытай салған зауыт
Xinjiang Lihua компаниясының Отырар облысындағы мақта қоймасы / фото: gov.kz

Lihua неге шағымданбады

Әлемнің Louis VuittonGucci секілді ірі брендтеріне шикізат пен мата жеткізетін Xinjiang Lihua Қазақстан нарығына мақта шаруашылығы тоқырауға ұшырап, жергілікті шаруалар өнімін өткізе алмай отырған уақытта кірді. Жергілікті билік қытайларға Отырар ауданынан егіс алқабы үшін 50 мың гектар жер бөліп берген. 2024 жылы Lihua алғаш рет тақыр жерге мақта салған уақытта, жергілікті шаруалар бұдан түк шықпайды деп мысқылдаған.

Алайда қытай технологиясы үш есе тиімді болып шықты. Жергілікті шаруалар 1 гектардан 20 центнерді әзер жинаса, аспан асты елінің өкілдері 60 центнерден мақта алды. Кеше ғана мысқылдаған адамдардың бірқатары таңдай қақты, дегенмен «жерді тоздырып жіберетін болды» деген әңгімелер де айтылмай қалмады.

Xinjiang Lihua (Group) бас директоры Сюй Цзе
Сыртқы істер министрлігіндегі кездесу / фото: gov.kz

Темір ауылындағы өрттен кейін Xinjiang Lihua компаниясының өкілдері жоғары деңгейдегі бірнеше кездесу өткізді. 2025 жылғы 30 желтоқсанда қытай компаниясының бас директоры Сюй Цзе Астанада сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыровпен, «Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбекпен кездесті. Шенеуніктер алаңдаған кәсіпкерге басу айтса керек, әйтеуір сол жүздесуде Lihua инвестициясын 600 млн долларға жеткізетіні мәлім болды.

Қыруар қаражатқа қытайлар Түркістан облысында он кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Олар екі күннің ішінде үш зауытты іске қосқанын Kursiv.Media жазған.

Сондай-ақ оқыңыз