Сенат спикері Әшімбаев ықпалды парламентті «қазақстандық арман» деп атады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне көлемді мақала жариялап, парламент реформасының мәнін түсіндірді.
Жоғарғы палата спикерінің пікірінше, кейінгі уақытта жиі талқыланып жүрген жаңа модель «парламентаризм философиясын өзгертеді».
«Бұдан былай Парламент заң шығару органы ғана болып қала алмайды. Ол адамдардың үніне құлақ асатын, қоғамның сұраныстарын түсінетін және мемлекеттік дамудың тың бағыттарын қалыптастыратын қоғамдық диалогтың өзегіне айналуы керек», – деп жазды Әшімбаев.
Оның пікірінше, заң шығарушы орган көп партиялы, жинақы, жоғары технологиялық және қоғамның тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан парламент болуға тиіс.
«Ықпалды парламент тәуелсіздік пен егемендіктің тірегіне айналады. Ал көп партиялы жүйе – саяси бәсекелестік пен әділеттіліктің кепілі. Билік ішіндегі орнықты теңгерім тұрақтылық пен дамуға жол ашады».
Әшімбаев тепе-теңдік жүйесінің жаңа үлгісі сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің жолына тосқауыл болады деп отыр.
«Сондай-ақ адам құқықтарының қорғалуына және елдің демократиялық дамуына кепілдік береді. Мұның бәрі – әр адамның бақуатты өмір сүруін қамтамасыз ететін маңызды қадамдар», – дейді спикер.
Сенат төрағасы осы құндылықтарды «қазақстандық арман» деп атады.
«Парламенттік реформа – соған жетелейтін жол картасы. Көз алдымызда ертеңгі күннің арайлы таңы атып келеді. Біртұтас мықты парламент – сол жарқын болашаққа қарай жасалған нық қадам. Арманды ақиқатқа айналдыру жолындағы батыл қадам», – деп түйіндеді Әшімбаев.
Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті реформалау қажет екендігін алғаш рет 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауда айтқан. Мемлекет басшысы сол кезде бір палаталы парламент құру үшін референдум өткізуді ұсынған.
Бұған дейін Kursiv.Media үш жылдық бюджеттегі қаражатқа қарап, парламент сайлауы қашан өтуі мүмкін деген сауалға жауап іздеген.