Тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі: жаңа ереже 2026 жылы күшіне енеді

Қазақстанда биік көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру тәртібі күшейтіледі. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап биіктігі 28 метрден асатын үйлер іске қосылар алдында міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы арнайы қорытынды алуы керек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр депутаттарға берген жауабында мәлім етті.
Енді көпқабатты тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа талап енгізіледі. Аталған норма «Азаматтық қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес жүзеге асады.
Роман Склярдың мәліметінше, өрт қауіпсіздігі бойынша қорытындыны азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері береді. Яғни, тұрғын үй толық салынып біткеннен кейін, құзырлы мамандар объектіге барып, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексереді.
Уәкілетті орган өрт-техникалық тексеру жүргізеді. Яғни, салынған нысанда орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалайды. Осы тексерудің нәтижесі бойынша ғана тұрғын үйді пайдалануға беруге қатысты қорытынды шығарылады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды беру тәртібі Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен бекітілген тиісті қағидаларда нақты көрсетілген.
Үкімет өкілдері тұрғын үй қорындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.