Желіде танылған «комиссионка» сатушысы дүкенін сатқалы жатыр

Жарияланды 15 Қаңтар 2026 15:44

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Tik-tok желісінде ұсталған тауарларды ерекше сөйлеу мәнерімен сату арқылы танылған«комиссионка» дүкенінің иесі Маржан Фазилова кәсібін сатқалы жатыр. Мұндай қадамға денсаулық жағдайы мәжбүрлеген. Бұл туралы Abylaikhan Omirbay YouTube арнасына берген сұхбат барысында айтты.

Маржан Фазилова дүкенді о баста шағын орыннан бастаған.

«Комиссионный дүкенін 2023 жылы 25 мамырда құрдық. Жаймен-жаймен тиындап-тиындап кішкене ғана 24 квадраттан бастадым. 2022 жылы қызды ұзатқанмын ғой. Оның киімдері қалды, өзімдікі бар, баланікі бар. Үшеуміздікі қарап тұрсаң, әлемге сыймайтын киім екен бар ғой. Құр көтеріп жүре бересің ғой. Құрсын деп екеу-екеу алып қалып, қалғанын бәрін ұрғансың ғой комиссионкаға. Кейін реализацияға алып жүретін болдым. Реализацияда біраз қиналдым. Аренданы шығару қиын. Содан кейін ескі ЖД вокзал жаққа көштім», – дейді ол.

Маржан тауарын жарнамалағанда, дүкен мекенжайын кәсіби дикторлар секілді айтып, желіде танылған. Алайда мұнысын сынаған қолданушылардың хейтін басында көтере алмай, жастығы жасқа толған кездер көп болған. Кейін хейтке мән бермей кеткен.
Желі жұлдызы енді шағын кәсібін сатуға бекініп отыр. Себебі еміне қаражат керек.

«Өзім инсульт алған адаммын. Зорға дегенде аяққа тұрдым. Содан кейін біраз ауруханаға жатып емделейін дегенмін ғой. Болмайды бұлай жүре берсем, ертеңгі күні парс етіп түсіп кетсем, беті аулақ балаларыма кедергі болып қалмайын деп. Сатып, емделіп алайын. Маған комиссионка ашу ештеңе емес. Басқасын ашып кетемін», – деді Маржан Фазилова.

Сондай-ақ оқыңыз