Жоғалған әулеттің малын қараушы: Наурыз жуас бала, ондай қолынан келмейді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Отбасы тұрған үй/фото: kursiv.media

Атырау облысындағы Қарабалиндер әулетіне қатысты кей сұраққа әлі жауап табылмады. Мәселен, жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасының қорадағы малын кім сатты? Хабар-ошарсыз кеткен Наурыз Мұқанғалиевтің телефонын бәзбіреулер қолданған ба? Әлде малды сатқан Наурыздың өзі ме? Тергеу аяқталмай, бұл сұраққа нақты жауап алу мүмкін емес. Алайда оқиға болған ауыл тұрғындары көріп-білгенін айтып жатыр.

Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының әкімі Ғайса Қанат отбасының 30-дан аса уақ малы, он шақты ірі қарасы болғанын айтты. Мал қыркүйек-қарашада сатыла бастаған. Марқұм ерлі-зайыптының ұлы Наурыз «анамның еміне ақша қажет» деп, ауылдастарымен мессенджер арқылы саудаласқан.

Сол уақытта отбасының үйіне келген-кеткен адамдар да бар. Олар – отбасының кенже қызы Ақбаян мен оның күйеуі Сұлтан. (Екеуіне де іздеу жарияланған). Олар 2-5 қараша арасында ауылда болған.

Мәйіт табылған үйге барып тұрған адамның бірі – ауылдың Дархан есімді тұрғыны. Ол Наурызбен WhasApp арқылы сөйлесіп, екі ай малын қарап беруге келіскен. Екеуі жүзбе-жүз сөйлеспеген, тек телефон арқылы уағдаласқан. Жұмысының ақысы ретінде қорадағы малдан беремін деген.

«Екі ай бағып беремін деп келістік. Ақшасын мал беріп төлейтін болды. Осы айдың соңына дейін қараймын, әрі қарай не болатынын білмеймін. Наурыздың телефонынан хабарлама жазды. Наурыз деп ойлап жүрдік.

Не болғанын естігеннен кейін, үйіне баруға қорқып жүрдім. Ағайындары «қорықпа, бара бер» деді. Содан қайта кірістім. Алты бас сиыры қалды. Басқа малын Наурыздың атынан сатып жіберіпті.

Наурыз ба, жоқ па деп ойланбадым. «Шешемді Ташкентке алып бара жатырмын, ақша керек болып, мал сатып жатырмын» деді. Наурыз жуас бала, ондай қолынан келмейді. Күйеу баласы деп күмәнданып отырмыз», – дейді Дархан есімді тұрғын.

Айта кетейік, отбасының кенжесі Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланған

Сондай-ақ оқыңыз