Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге тау-шаңғы курорттары жабдығына 25%-ға дейін өтемақы төленеді

Фото: shutterstock

Мемлекет жергілікті бюджеттер есебінен шаңғы курорттарының қымбат жабдықтарына кеткен шығынының бір бөлігін өтейді. Өтемақы аспалы жолдар мен трассаларды дайындау жүйелері құнының 25%-ына дейін беріледі, ал бұл жабдықтар ондаған миллиард теңгеге бағалануы мүмкін.

Туризм және спорт министрлігі жаңа ережелерді бекітіп, курорт бизнесіне жабдық пен техника сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу тәртібін нақтылады. Ережеге сәйкес, әкімдіктер сатып алынатын жабдыққа жұмсалатын шығындардың 25%-на дейін өтейтін болады. Бұған түрлі аспалы жолдар, жолдарды жасанды қардан тазарту жүйелері, ратрак техникасы кіреді.

Өтемақы алу үшін бизнес өкілдері әкiмдікке өтініш жіберуге тиіс. Шығындар сатып алу құжаттарымен, шот-фактуралар немесе жабдық сатып алу шарттары арқылы расталуы керек. Егер жабдық шетелден жеткізілсе, тауарға арналған кедендік декларация ұсынылады. Өтініштерді әкімдіктегі комиссиялар 10 жұмыс күні ішінде қарайды.

Егер комиссия оң шешім қабылдаса, әкімдік жабдыққа кеткен шығынның 25%-ына дейін осы мақсатқа арналған ағымдағы жылғы бюджет қаражаты есебінен өтемақы төлейді. Ал өтемақы алған кәсіпкерлер қызметкерлер санын көбейтуге және ҚҚС түсімдерін арттыруға міндетті.

Айта кетейік, 2025–2029 жылдарға арналған Алматы таулы кластерін дамыту кешенді жоспарына сәйкес, қалада ондаған миллиард теңгеге аспалы жолдар салу жоспарланған. Мысалы:

  • Нұрсұлтан шыңының аспалы арқан жолы – 27,5 млрд теңге;
  • «Пионер» курортынан Oi Qaragai-ге жол – 36 млрд теңге;
  • «Бутаковкадан» «Пионерге» жол – 42,3 млрд теңге.

Айта кету керек, бұл жобалардың барлығы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуы жоспарланып отыр.