Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяның экс-президенті 5 жылға сотталды

Юн Сок Ёль (Фото: Jung Yeon-Je / Getty Images)

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль тергеушілердің әрекетіне кедергі келтірді деген айыпты қоса алғанда, бірқатар айып бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сеулдің Орталық аудандық соты үкімді 2024 жылдың желтоқсанында Юнның қысқа мерзімге әскери жағдай енгізуіне байланысты қозғалған іс бойынша шыққан алғашқы сот шешімі ретінде жариялады.

2024 жылдың желтоқсан айының басында Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс болған. Бюджетке қатысты дау-дамайлар аясында Юн Сок Ёль күтпеген жерден елде әскери жағдай енгізілетінін жариялап, бұл қадамын оппозицияның «мемлекетке қарсы әрекетімен» түсіндірді. Алайда ел парламенті бұл шешімді бекітуден бас тартып, келесі күні мемлекет басшысы аталған жарлықты кері қайтаруға мәжбүр болды.

14 желтоқсанда депутаттар Юнға импичмент жариялады. 2025 жылдың сәуір айының басында бұл шешімді елдің Конституциялық соты мақұлдады.

2025 жылы 15 қаңтарда Юн Сок Ёль қамауға алынды. Алғашқы ұстау әрекетінің жолын президент күзеті бөгеген еді. Сот бұрынғы мемлекет басшысын қамауға алу туралы шешім шығарғанымен, 8 наурызда қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырып, оны қамаудан босатты. Алайда шілде айында Юн қайтадан қамауға алынды.

Бүгінгі үкім – экс-президентке қатысты бір ғана іс бойынша шыққан сот шешімі. Оңтүстік Корея прокурорының арнайы тобы бұған дейін елде әскери жағдай енгізбек болған сәтсіз әрекеті үшін Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындауды талап еткен еді.

Оңтүстік Кореяның арнайы прокуроры былтыр 26 желтоқсанда Сеулдегі осы сотта елдің экс-президенті Юн Сок Ёльді сот төрелігіне кедергі келтірді деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Тағы 5 жыл түрме жазасы 2025 жылдың қаңтарында оны қамауға алмақ болған тергеушілерге кедергі келтіруге тырысып, президент резиденциясында бекініп алуына байланысты сұралған.

Сондай-ақ әскери жағдай енгізу жоспарына қатысты өткізілген кеңеске шақырылмаған тоғыз министрлер кабинеті мүшесінің құқықтарын бұзғаны үшін және әскери жағдайдың енгізілуі туралы шетелдік баспасөзде жалған ақпарат таратқаны үшін тағы 3 жыл талап етілді. Тағы 2 жыл – әскери жағдай енгізу туралы жалған жарлықты дайындап, кейін оны жойып жібергені үшін сұралған.

Бұған дейін, Юн Сок Ёль өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін жазған едік.