Lifestyle

Алмат Сақатов: «Артық ақшаға қызыққаннан кейін әкем инсульт алды»

Фото: скрин

Танымал актер Алмат Сақатов өміріндегі ауыр кезеңдердің бірі туралы ашық айтып, артық дүниеге қызығудың салдары қандай болатынын жеткізді.

Өнер иесі Airan ютуб арнасына берген сұхбат беріп, 2000 жылдары той жүргізіп жүрген кезіндегі оқиғаны баяндады.

Айтуынша, бір күнге екі бірдей ұсыныс түскен. Алғашында 2 мың долларға келіскен тойы болғанымен, дәл сол күнге тағы бір тапсырыс түсіп, ол үшін 5 мың доллар ұсынған.

«2 мың долларға бір той басқаруым керек еді. Сол күнге тағы бір адам хабарласып, «сен өзің жүргізуің керек, 5 мың доллар беремін» деді. 5 мың долларлық тойға келістім де, алғашқы тойға өз орнымнан басқа адамды жібердім», – деп еске алды актер.

Алайда сол күннің соңы ауыр жағдаймен аяқталған.

«Тойдан кейін әкем инсульт алып қалды. Тойдан тапқан 5 мың доллардың барлығын ауруханаға жұмсап, әкемді аман алып қалдық», – деді Алмат Сақатов.

Оның айтуынша, бұл жағдай өміріне үлкен сабақ болған.

«Содан кейін ондай дүниелерге жоламадым. Артыққа қызықпай, тәубе деп, өзіме бұйырған рөлдерді ойнап келемін», – дейді ол.

Актер осы әрекеті алғаш рет әке өсиетінен аттаған кезі болғанын айтты. Оған әкесі «бағаң 100 теңге болса, 101 теңге алма, ұры емессің, 99 теңге алма, құлы емессің» деп өсиет айтқан екен. Өнер иесі сол оқиға өмірлік сабақ болып, әке өсиетін екі етпеу тырысып келе жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін актер Мақсат Рақмет уақытында өзінің туған анасына жақсылық жасап үлгермей қалғанын айтып, өнердегі анасы, халық әртісі Гүлжамал Қазақбаеваға Умраға жолдама сыйлаған еді.