Жаңалықтар

АҚШ-та өтетін Әлем чемпионатына билеттерге рекордтық 500 млн өтінім түсті

ФИФА 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына билеттерге 500 млн-нан астам өтінім түскенін мәлімдеді. Бұл туралы The Athletic басылымы хабарлады.

Халықаралық футбол федерациясы енді чемпионат аясындағы 104 матчтың әрқайсысы бойынша кездейсоқ жеребе өткізеді. Жеребе нәтижесінде таңдалған үміткерлерге билеттер ақпан айында беріледі.

Айта кетейік, ФИФА былтыр қазан және қараша айларында шамамен 2 миллион билет сатып үлгерген. Қазіргі таңда бүкіл турнирге 4–5 миллион билет қана қалған.

Ең жоғары сұранысқа ие матчтардың қатарында:

  • Колумбия – Португалия,
  • Мексика – Оңтүстік Корея,
  • Әлем чемпионатының финалы,
  • Мексика – ОАР (ашылу матчы),
  • 2 шілдеде Торонтода өтетін 1/16 финал ойыны бар.

ФИФА билеттерге деген орасан сұранысты жоғары бағаны ақтаудың бір себебі ретінде пайдаланғаны да айтылып отыр. Жанкүйерлер билеттер бағасын «өте қымбат» деп бағалады. Топтық кезеңнен бастап финалға дейінгі билеттердің құны алдыңғы әлем чемпионаттарымен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Бұл Солтүстік Америкада да, басқа елдерде де кейбір жанкүйерлерді турнирді стадионда емес, үйден теледидар арқылы көруге мәжбүр етті.

Сарапшылардың болжамынша, ең танымал матчтарға билеттер бағасы ақпан айында тағы қымбаттауы мүмкін. Себебі дәл сол кезде жанкүйерлер өз өтінімдерінің жауабын біледі. Ал өтінімі өтпеген миллиондаған адам үшін билет алудың жалғыз жолы – қайта сату нарығы болуы ықтимал.

Сонымен қатар, 500 миллионнан астам өтінімнің белгілі бір бөлігі алыпсатарлардан түсуі мүмкін екені айтылуда. Олар билеттерді сатып алып, кейін қымбат бағада қайта сатуды көздейді.

ФИФА жеребе нәтижелері туралы жанкүйерлерге 5 ақпаннан бастап немесе одан кейін хабарлай бастайды.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусымда Мехикода басталады. Турнир аясында 104 матч өтіп, ойындар АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласында ұйымдастырылады.