
Арқалық қаласының әуежайына Алаш қозғалысының белді мүшесі, ақын-жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың есімі беріледі, деп хабарлайды Кazinform.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы» басқарма төрағасының орынбасары Жаслан Ысқақовтың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап ол жаңадан құрылған филиал — Арқалық қалалық әуежайының директоры қызметіне кіріседі.
Көрнекті қоғам қайраткерінің есімін беру аймақтың тарихи жадын сақтау және рухани жаңғыру ісіндегі маңызды қадам болатыны атап өтілген. Шешім Алаш қозғалысы өкілдерінің қазақ мемлекеттілігі мен ұлттық сана-сезімін дамытуға қосқан үлесін тарихта мәңгі қалдыруға бағытталған.
Бұған дейін Арқалықта әуежай қалпына келтірілетіні белгілі болды. 2024 жылы Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Арқалықта әуежай салу мәселесін жеделдету қажеттігін айтқан болатын.