Атыраудағы қайғылы жағдай: полиция оқиғаның мән-жайын баяндады

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасыға қатысты жергілікті полиция ақпарат берді.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, іздеудегі үш жәбірленушінің шотына мүгедектікке байланысты, көп балалы ана ретінде жәрдемақы түсіп отырған. Қазір үшеуінің есепшоты бұғатталды.
«Отбасы қарашаның басынан туыстарымен байланысты үзген. Тек WhatsApp арқылы байланысқа шыққан. Олар желтоқсанның басында отбасының малы сатылып жатқанын көрген. Өздері іздеп көрген, нәтиже болмаған соң полицияға жүгінді», – дейді Ердәулет.
Қайтыс болған ерлі-зайыптының үш баласын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ күдіктіге іздеу жарияланған. Күдікті – отбасының күйеу баласы. Ол еш жерде ресми жұмыс істемеген, денсаулығына байланысты есепте тұрмаған.
«Елдегі барлық аурухана, мәйітхана, емханалар тексерілді. Кей мәліметте қыстақта жүргені айтылды. Олар да тексерілді. Төрт адамның телефоны елдің әр қаласында қосылған. Сол жердегі қыстақтар да тексерілді», – деді Мейірім Ердәулет.
Отбасының қызы мен күйеу баласы шетелге шығып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланған. Полиция отбасының кенжесі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты да ақпарат берді.
«Дәрігердің шешімімен 2025 жылдың 10 қазанында Ақбаян бірінші топтағы мүгедек деп таныған. Мұндай жағдайда әрі қарай сотқа жүгініп, күтуші бекітілуі керек. Алайда ол сотқа жүгінбеген», – дейді Ердәулет.
Полицияның хабарлауынша, ерлі-зайыптының сүйегі бірнеше метр тереңдіктен табылған.
Айта кетейік, ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Отбасының ұл-қыздары Мейрамгүл және Наурыз Мұқанғалиевтен әлі күнге дейін хабар жоқ.
Отбасының кенжесі Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланған.
Бұған дейін KursivMedia тілшісі оқиға болған Жангелдин ауылына барып, оқиғаның мән-жайын біліп көрді.