Ауруханаларды қаржыландыратын қор Қаржы министрлігінің қарамағына беріледі

Үкімет президенттің бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кешенді талдау жүргізді. Нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталып, осыдан кейін қор Қаржы министрлігінің бақылауына берілді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артқанымен, жүйенің тиімділігі өспеген. 2026 жылы бұл мақсаттарға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Алайда қаражаттың едәуір бөлігі нақты медициналық қызмет көрсетуге емес, қор активтерінде жинақталып қалған.
Қаржы министрлігі жүргізген IT-аудит барысында медициналық ақпараттық жүйелерде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, жалған пациенттерді тіркеу, қайтыс болған азаматтарды тіркеу, бір қызметті екі рет қаржыландыру, бір күнде мүмкін емес көлемде медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ, пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтер жүргізу фактілері тіркелген.
«Мысалы, Астана қаласындағы жекеменшік клиникалардың бірінде бір күнде 1 442 пациент қабылданғаны көрсетілген. Сондай-ақ 2023 жылы қайтыс болған адамға 2025 жылы медициналық қызмет көрсетілгені анықталған. Ер азаматтардың әйелдерге арналған онкологиялық скринингтен өтті деп тіркелген 700 мыңнан астам жағдайы анықталды. Балаларға арналған дәрілік заттарды жалған есептен шығару деректері де көптеп тіркелген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табыстары мен мүлкіне талдау жүргізіп, бірқатар басшылардың қысқа мерзім ішінде ондаған жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алғанын анықтаған.
Талдау қорытындысы бойынша жүйеде бірыңғай деректер базасының жоқтығы, бақылау тетіктерінің әлсіздігі және қаражатты үнемдеуге ынталандырудың болмауы негізгі проблемалар ретінде аталды.
Осыған байланысты премьер-министр анықталған материалдар құқық қорғау органдарына жолдауды, барлық қаржы ағындарын қатаң бақылау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беруді тапсырды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы барлық бизнес-процестерді толық цифрландыру және ӘМСҚ-ның инвестициялық стратегиясын қайта қарау тапсырылды.