Енді мигранттар салықты жаңа тәртіппен төлейді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Алдағы жылдары жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасында әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстанда еңбек мигранттарына қатысты салық төлеудің жаңа тәртібі енгізілді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында мигранттар үшін 2026 жылдан бастап жеке табыс салығын есептеу тетігі қайта қаралғанын мәлімдеді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттарға берген ресми жауабына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек иммигранттары жеке табыс салығын (ЖТС) бұрынғыдай алдын ала бекітілген төлем арқылы емес, жаңа есептеу формуласы бойынша төлейді.

Қазіргі қолданыстағы жүйеде салық заңнамасы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсатты беру және ұзарту үшін алымдар қарастырады.

Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін резидент емес тұлғалар үшін жеке табыс салығына байланысты 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК/МРП) көлемінде алдын ала төлем төлеу тәртібі бар. Алайда Үкіметтің мәлімдеуінше, жаңа салық кодексінде бұл механизмнің логикасы өзгерген.

Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді

Олжас Бектеновтің жауабына сәйкес, еңбек мигранттары ЖТС сомасын енді өздері есептейді. Бұл ретте есептеу базасы ретінде ең төменгі салық салынатын табыс деңгейі белгіленеді. Ол әр ай үшін 4 МРП көлемінде анықталады және қаржы жыл басындағы (1 қаңтардағы) мөлшермен есептеледі. Яғни, мигрант рұқсатын алу немесе ұзарту үшін өтініште көрсетілген мерзім ішінде жұмыс істесе, әр айға сәйкес есептік негіз автоматты түрде қалыптасады. Бұл тәсіл Үкіметтің айтуынша, көлеңкелі айналымды азайтып, салық түсімдерін жүйелеуге бағытталған.

Премьер-министр депутаттардың еңбек мигранттарына қосымша салық енгізу туралы ұсынысына тоқталып, Үкімет мұндай бастамаға бармайтынын аңғартты. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында керісінше төлемдер жүйесін ықшамдау көзделген.

«Қазіргі салық заңнамасында шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсатты беру және ұзарту үшін алымдар бар. Сонымен қатар резидент емес тұлғаның табысына 2 АЕК мөлшерінде алдын ала жеке табыс салығын төлеу тәртібі қарастырылған. Жаңа салық кодексінде бұл төлемнің идеологиясы қайта қаралды: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек иммигранттары ЖТС сомасын өздері есептеп, әр ай үшін 4 АЕК көлеміндегі ең төменгі табыс негізінде төлейді. Ал қосымша салық енгізу жалпы төлем түрлерін 20%-ға қысқарту саясатына қайшы келіп, инвестициялық тартымдылыққа кері әсер етуі мүмкін», – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Сонымен қатар құжатта еңбек мигранты – резидент емес азамат еңбек шартымен жұмыс істеген жағдайда оның табысы әр айға кемінде 40 АЕК деңгейінен төмен болмауы тиіс деген талап көрсетілген. Үкімет мұны еңбек нарығындағы ашықтықты арттыру және салық базасын нақтылау құралы ретінде қарастырып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істеп жатқаны жайлы жазғанбыз. Елде жұмыс істейтін шетел азаматтары жылдан-жылға көбейіп жатыр. 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 14 130 шетел азаматы жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз