Lifestyle

Мақсат Рақмет халық әртісі Гүлжамал Қазақбаеваға Умраға жолдама сыйлады

фото: скрин

Актер Мақсат Рақмет Қазақстанның халық әртісі Гүлжамал Қазақбаеваға Умраға жолдама сыйлады. Бұл игі ниетін өзі продюсері әрі басты рөлдердің бірін сомдаған «Құшақтағы мама» фильмінің тұсаукесері барысында жария етті.

Салтанатты кеште актер жеке өміріне де тоқталып, анасынан 15 жыл бұрын айырылып қалғанын айтты. Оның сөзінше, сол себепті анасына арнап көп нәрсе жасап үлгермеген.

«Бұл мақтан үшін жасалған әрекет емес. Осы амалым арқылы қандай да бір сауап жинап, оны аяулы анамның рухына арнағым келді», – деді ол.

Мақсат Рақмет халық әртісі Гүлжамал Қазақбаеваны кино мен өнердегі анасы ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтіп, «өнердегі балаңыздан» деп, қасиетті сапар – Умраға жолдаманы қабыл алуын өтінді.

Айта кетейік, «Құшақтағы мама» фильмі 15 қаңтардан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрерменге жол тартты. Картина ана мен бала арасындағы терең байланыс, мейірім мен адамгершілік құндылықтарын арқау етеді.

Бұған дейін, қаңтар айында кинопрокатқа шығатын фильмдерге шолу жасаған едік.