
Вице-премьер әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттарға берген жауабында білім сапасын бақылау құзіреті өңірлердегі басқармалардан министрліктің өзіне қарайтын орталыққа берілетінін мәлім етті.
Балаеваның сөзінше, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларына сараптамалық қорытынды беру Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілген.
«Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, сараптама рәсімінің объективтілігі мен ғылыми негізділігін қамтамасыз ету мақсатында курстардың білім беру бағдарламаларына сараптама жүргізу функциясын министрліктің Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының құзыретіне беру мәселесін пысықтап жатыр. Осыған орай қазір министрлік қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызмет шеңберінде білім беру бағдарламаларына ақылы негізде сараптама жүргізу мәселелері көзделген», – дейді Балаева жауабында.
Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет «Электрондық үкімет» порталымен интеграцияланып министрліктің ресми интернет-ресурсы арқылы ұсынылады.
Еске сала кетейік, мұғалімдердің кәсіби дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, біліктілік арттыру орталықтарына нәтиже үшін жауапкершілік тетігін бекіту мәселесін бұған дейін депутаттар көтерген еді.
Олардың айтуынша, білім сапасы үшін жауапкершілік тек білім басқармаларының мойнына ілінген. Ал біліктілік арттыру орталықтары миллиардтаған бюджет қаржысын игергенімен, олардың жұмысының нақты нәтижесі ешкімнен сұралмайды. Білім заңына сәйкес, әрбір педагог үш жыл сайын біліктілігін арттыруы тиіс. Яғни жыл сайын педагогтердің 33 пайызы оқудан өтеді. Алайда көп жағдайда бұл үдеріс республикалық мекемелермен (Өрлеу, Педагогикалық шеберлік орталығы және т.б.) шектеледі.