Жаңалықтар

Қазақстанда тәуелсіз директорлар институты күшейтілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Банктер туралы жаңа заң шеңберінде корпоративтік басқару сапасын және қадағалау тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында банктерді реттеуді жетілдіру жөніндегі шаралар көзделді.

Өзгерістер үш бағыт бойынша топтастырылған: корпоративтік басқаруды дамыту, реттеу құралдарын жетілдіру және қолданыстағы нормаларды оңтайландыру. Заң аясында тәуелсіз директорлар шешімдерінің  объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың институтын күшейту көзделеді. Тәуелсіз директорлардың тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі, сондай-ақ директорлар кеңесінде болудың ең көп мерзімін 9 жыл деп белгілеу көзделеді.

Сонымен бірге халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың тізбесі кеңейтіледі. Активтерді экономикалық айналымға жедел қайтару мақсатында, банк тобының балансындағы өндіріп алынған мүліктің болуына үш жылдан аспайтын мерзімге шектеу енгізіледі.

Уәжді пайымдау тетігін қолдану кеңейтіледі. Тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс бөлімшелерінің  басшыларына қойылатын талаптар белгіленеді. Сонымен бірге, нормативтік базаны оңтайландыру шеңберінде ескірген және қайталанатын нормалар алып тасталады. Акционерлер мен басшылық құрамға қойылатын талаптар бір ретке келтіріліп,  «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» ҚР Заңына көшіру көзделеді.

Банктер туралы жаңа заңда технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.