Шымкентте әйел балаларының денесіне үтік басып, шашын тақырлап тастаған

Жарияланды
Шымкентте күйзеліске түскен әйел балаларының денесіне үтік басып, шашын тықырлап алып тастаған
Фото: Дилара Иса / Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкентте 2 баласын сабап, денесіне үтік басқан 29 жастағы әйелдің әрекетіне қатысты қылмыстық іс ашылды. Балалар ауруханаға жатқызылған. Оларға дәрігерлер тиісті медициналық көмек беріп жатыр.

«Басын жарып, шашын тақырлап алып тастаған»

Есімін атаудан бас тартқан отбасының туыстары анасынан зәбір көрген 2 баланың ауыр жағдайын дүйсенбі, 12 қаңтар күні естіп, білген. Үйіне барғанда әйел мен балаларын полиция алып кеткен.

«Жүрегім ауырып тұр. Ана баласын бұлай ұрып-соқпайды. Сұмдық. Балалардың тірі қалғанына таңқалып отырмыз», – дейді туыстардың бірі.

Оның айтуынша, анасы балаларды Қошқар ата өзеніне апарып қинаған. Ұрған, суға итерген. Қайта шығарып, үйіне алып келген.

«2 баланың күймеген жері қалмаған. Пышақ қолданған. Шаңсорғышпен, ағаш, темірмен ұрған. Аяқ-қолына, іші мен беліне, желкесіне үтік басқан. Басын жарған. Саусақтарына не тыққанын түсінбедік. Балалардың денесінің сау тамтығы қалмаған. Қызының шашын түгел, ұлының шашын жартылай алып тастаған. Екіншісінің аузына шанышқыны қыздырып басыпты. Бұл – айуандық. Айуан да баласын бұлай қорламайды», – деді ол көзі жасаурап.

Туысының сөзінше, балалар енді-енді ес жиып жатыр. Балалардың үлкені 5-сыныпта оқиды. Кенжесі – 1 жасар. Үлкен екі бала ауруханада ем алып жатыр. 1 және 4 жастағы балалар қазір мемлекет қарауында.

Ажырасып, кейін қайта бірге тұра бастаған

Балалардың әке-шешесі 2 жыл бұрын ажырасып, кейін қайта бірге тұрған. Өткен жылдың 31 желтоқсанында әкесі Францияға 6 айға жұмыс істеуге кеткен. Зәбір көрген 2 бала қазір қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Олардың қасында әжесі жатыр.

«2 баланың қолын үтіктен бөлек, кеуіртпен де күйдірген. Темір шынжырмен ұрып, қылқындырған. Бұрын балаларды қатты ұрысып, жүректерін алып жүретін. Қой десек, тоқтамайтын. Қазір балалардың бет-аузы, денелері күйген. Ем алып жатырмыз. 5-сыныпта оқитын қызының шашын тақырлап алып, қорлаған», – деді әжесі.

Әйелдің сөзінше, алғашында келінінің мінезі жақсы болған. 3 баладан кейін мінезі өзгерген. Жиі ашуланатынды шығарған. Баласы мен келіні ажырасқан. Қазір алимент төлейді.

Күйзеліске түскен…

Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдің көмекшісі Абай Пахынбетов әйел 4 баласымен бірге бөлек тұратынын растады.

«Депрессиялық жағдайға түсіп, үлкен қызы мен ұлына дене жарақатын салғанын әйел мойындап отыр. 10 және 8 жастағы екі бала қазір қалалық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Үйінде қалған екі баланың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында оларды оқшаулап алу туралы шешім қабылданды. 2 бала толық мемлекеттің қамқорлығына өтті. Емделіп шыққан соң қалған 2 бала да тіркелген іс толық шешім тапқанға дейін уақытша болса да мемлекеттің қамқорлығына өтеді», – деді Пахынбетов.

Қылмыстық іс қозғалды

Пахынбетов балаларына зәбір көрсеткен әйел еш жерде есепте тұрмағанын жеткізді.
Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын бастаған.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ жиналған материалдар әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданатын болады», – делінген полиция хабарламасында.

Кейінгі күндері Шымкентте бірі, екіншісінен асатын сұмдық жағдайлар болып жатыр. 11 қаңтар кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті араға екі күн салып ұсталды. Нұрайдың шу басылмай жатып 17 жастағы бойжеткен өзін Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны еркінен тыс алып қашып, зорлағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз