Жаңалықтар

Талғар ауданында ер адам әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді

Оқиға 2026 жылдың 14 қаңтарында болған/фото: shutterstock

Алматы облысы Талғар ауданы Рысқұлов ауылының тұрғыны әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 45 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиға 2026 жылдың 14 қаңтарында болған. Әйелдің денесіндегі жарақатты туыстары көрген. Ер адам оқиға орнында ұсталды.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, отбасылық жанжал барысында ер адам әйелді екі жерінен пышақтаған. Салдарынан әйел бірнеше сағаттан кейін көз жұмған», – деп хабарлады полиция.

«НеМолчи» қорының жазуынша, оқиға 5 жастағы қыздың көзінше болған. Қордың әлеуметтік желідегі парақшасына марқұмның әріптестері хат жолдаған.

«Анасы қансырап жатқанда жанында бес жастағы қызы болған. Әйелдер қашанғы күйеуінің қолынан өле береді? Ол жауыздан сәби күтіп жүр еді…», делінген хаттардың бірінде.

Енді бірі әйелдің қансырап қайтыс болғанын жазған.

Айта кетейік, оқиға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Жетісу облысы Баласаз ауылында Айзат Жұманова есімді әйелі күйеуінің қолынан қаза тапты. Үйіне мас болып келген ер адам әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлескені туралы ойлап, оны ұрып-соққан. Сот үкімімен әйелін өлтірген Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға ерлі-зайыптының кішкентай қызының көзінше болған.