Танысуға арналған желіге бойжеткен болып тіркелген ер адам сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жас жігіттің бас бостандығы шектелді/фото: shutterstock

Танысуға арналған қосымшаға бойжеткен болып тіркелген астаналық ер адам сотталды. Жас жігіттің үш жылға бас бостандығы шектелді. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

20 жастағы жігіт Tinder-де өзін Нұрай деп таныстырған. Өзі туралы ақпарат ретінде Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған. Ал Telegram-да бейтаныс қыздың фотосын қойған.

Жалған парақшада басқа ер адамдармен сөйлесіп, кездесуге уәде беріп, ақша сұрай бастаған. Бір ер адам «Нұрайға» сеніп, үш ай ішінде 4 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Бұл әлеуметтік желіні пайдаланушыға қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық саналады. Жасаған әрекеті үшін жас жігіт кінәлі деп танылды.

Сотта ол жасаған әрекетіне өкінген, алған ақшасын қайтаруға келіскен.

Сот үкімімен оның 3 жылға бас бостандығын шектелді, пробациялық бақылау белгіленді.

Tinder – танысуға арналған мобильді қосымша. Қолданушылар бір-бірінің фотосын көріп, әрі қарай сөйлесе алады.

Сондай-ақ оқыңыз