Теміржолшыларға қолжетімді баспана салынады: Президент бастаманы құптады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Кездесуде компанияның 2025 жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, тарифтік жүк айналымы 10%-ға өсіп, 289 млрд тонна-шақырымға жеткен. Тасымал көлемі 5,5%-ға ұлғайып, 320 млн тонна болды. Экспорттық тасымал 89 млн тоннадан асып, транзиттік жүк 20%-дан астам өсіп, 33 млн тоннаға жетті. Теміржол инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту жобаларының жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды.

Қолжетімді баспана

ҚТЖ басшысын қабылдаған Президент теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

«Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Тоқаев «Қазақстан темір жолын» трансформациялауды жалғастыруды, шетелдік ірі компаниялармен әріптестікті күшейтуді, цифрлық шешімдер мен мультимодальдық логистиканы дамытуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз