Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Астанада кездесу өткізді

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади 15 қаңтарда Астанаға келіп, қазақ дипломаттарымен кездесті. Бұл туралы Kursiv.Media СІМ таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлайды.
Вице-министр Астанада Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевпен жүздесті. Кездесуде Таяу Шығыстағы және әлемдегі жалпы ахуалдың дамуына қатысты өзекті мәселелер қозғалды.
«Дипломаттар Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде өтетін алдағы іс-шаралар, сондай-ақ Каспий теңізі мәселелері бойынша ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты», – деп таратты СІМ.
Ресми мәліметте Вашингтон мен Тегеран арасындағы жанжал, Ирандағы халық көтерілісі туралы ештеңе айтылмаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда жасаған елдерге қосымша 25% баж салығын енгізуі мүмкін екенін ескерткен. Артынша Қазақстанның сауда министрлігі Ақ үй басшысының мәлімдемесіне қатысты түсініктеме жариялаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкиан алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келген.