Қазақстан қауіпсіздігі «жоғары» елдер қатарына қосылды

Қазақстан әлем елдерінің бейбітшілік рейтингінде бес саты жоғарылып, қауіпсіздігі «жоғары» елдер қатарына қосылды. Ал төрт жылдан бері соғысып жатқан Украина мен Ресей тізімнің ең соңында тұр.
Әлемнің 2025 жылға арналған бейбітшілік индексін (GPI) Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics & Peace, IEP) дайындады. Тізімге 163 ел кірді. Қазақстан бір жылда бес саты көтеріліп, 56-орынға тұрақтады.

Рейтингте қауіпсіздігі «өте жоғары» 12 ел көрсетілген. Алғашқы үштікке Исландия, Ирландия және Жаңа Зеландия кірді. Австрия мен Швейцария бестіктен орын алды.
Сингапур, Португалия, Дания, Словения және Финляндия ондыққа кірсе, Чехия мен Жапония да қауіпсіздігі өте жоғары елдер деп танылды.
Тағы 50 елдің қауіпсіздігі «жоғары» екені анықталды. Олардың арасында Қазақстан да бар. Орталық Азиядағы басқа да елдердің қауіпсіздігі орташа деп танылды.
Түркияның өзі қауіпсіздігі өте төмен елдерге жақын тұр. Ал 2022 жылғы ақпаннан бері соғысып жатқан Украина мен Ресей рейтингтің ең төменгі сатыларынан табылды.
Рейтинг бейбітшілік жағдайына әсер ететін 23 көрсеткіш негізінде дайындалған. Институт мамандары үш салаға назар аударған: қоғам қауіпсіздігінің деңгейі; ішкі және сыртқы жанжалдар ауқымы; және милитаризация деңгейі.