Рәтбек қажы Нысанбайұлы дүниеден озды

16 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүние салды. Азалы хабарды Мүфтият жариялады.
«Рәтбек хазіретіміз мүфти болған жылдары мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастықты арттыра түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы өзі басқарған мерзім ішінде 30-дан астам мешіт салдыруға ықпал етті», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
1940 жылы дүниеге келген Рәтбек Нысанбайұлы Ливия университетінде діни білім алған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
1990 жылы діни басқарманың басшысы болып сайланған. Қажы он жыл мүфти болған. Кейінгі жылдары Есік қаласындағы мешіттің бас имамы болып жүрді.
Апта басында ғана оған «Шарапат» ордені тапсырылған. 2020 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Нұр-Мүбарак университетінде Рәтбек қажы атында аудитория бар.
Kursiv.Media ұжымы марқұмның туған-туыстарына, қажының еңбегін бағалайтын барша мұсылман қауымына қайғыра көңіл айтады.