Жер сілкінісі туралы ескертетін дабыл жүйесіне қосыл

Жер сілкінісі секілді қауіпті алдын ала ескертетін «Mass Alert» ақпараттық жүйесіне Алматы, Шымкент қалалары, сонымен бірге Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары қосылды. Бұл туралы Kursiv.Media Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Министрлік Cell Broadcast технологиясын қолдана отырып, халықты мобильді құрылғылар арқылы жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүйені еліміздің барлық аумағында кезең кезеңімен енгізу мақсатында сейсмикалық белсенді 11 өңір анықталды. Қазір «Mass Alert» жүйесіне екі ірі қала мен үш облыс қосылған.
Прокуратура Қытайдың Huawei, Xiaomi секілді смартфондарында Cell Broadcast арқылы жедел құлақтандыру қызметі өшіп тұрғанын анықтады. Осындай телефон ұстаған азаматтар «Mass Alert» жүйесімен жіберілетін төтенше хабарламаларды алмауы мүмкін.
Бұған қоса, iOS 18 нұсқасынан төмен операциялық жүйесі бар iPhone, ресми сертификатсыз, елдегі ұялы байланыс операторларына тіркелмеген смартфондар да дабыл таратпауы мүмкін.
Осыған байланысты министрлік азаматтарға үш түрлі кеңес берді:
- мобильді телефонның баптауларында жедел хабарламалар (Cell Broadcast) функциясының бар-жоғын және қосулы тұрғанын тексеріңіз;
- Қазақстанда ресми түрде әкелінген және тіркелген мобильді құрылғыларды пайдаланыңыз;
- смартфонның операциялық жүйесін уақытылы соңғы нұсқаға дейін жаңартып отырыңыз.
Министрлік мемлекеттік органдармен, ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, халықты жедел құлақтандыру жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, апта басында Алматы қаласына өте жақын маңда, ал 16 қаңтарда Қонаев қаласында жер сілкінді.