Тоқаев банк туралы заңға қол қойды

Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңына қол қойды.
Былтыр қыркүйекте президент банктер туралы жаңа заң жыл соңына дейін қабылдануы керек деген шұғыл тапсырма берген. Екінші деңгейлі банктер тек азаматтарға несие берумен ғана айналыспай, экономикадағы ірі жобаларға да қаржы салуы керек деген мәселені баса айтып өткен.
Қарашада заң жобасы Парламентке түсті. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова таныстырды.
Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Әбілқасымованың сөзінше, жаңа заңда банк қызметін реттеудің мынадай міндеттері көзделген:
- Қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
- Банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;
- Банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
- Депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
- Банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;
Бірақ кей депутаттар заң жобасы халық пен бизнес үшін кредиттің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.