Халықаралық іздеудегі Сейсенбаев кінәсіз екенін айтып, Бас прокурорға үндеу жолдады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Сейсенбаев
Фото: internationalinvestment.biz

Халықаралық іздеуде жүрген StavkaBet букмекерлік кеңсесінің құрылтайшысы Нұрдәулет Сейсенбаев әлеуметтік желіде өзінің кінәсіз екенін мәлімдеп, Қазақстан Бас прокуратурасына ашық түрде үндеу жасады. Оның бейнеүндеуі EGOV.PRESS Telegram-арнасында жарияланды.

Айта кетейік, Қазақстанда Сейсенбаевқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылған. Оған қатысты қылмыстық іс 2018 жылы қозғалған. Бейнеүндеуінде ол компаниясының ресми заңды тұлға болғанын және мемлекетке 600 млн теңгеден астам салық төлегенін атап өтті. Оның айтуынша, StavkaBet қызметінде қылмыстық топқа тән белгілер болмаған.

Сейсенбаевтың сөзінше, тергеу барысында оған пара беру ұсынылған, алайда ол бұл жағдай бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазған. Бірақ бұл әрекет нәтиже бермеген соң, ол елден кетуге мәжбүр болған. Кейін Сейсенбаевқа халықаралық іздеуге жарияланып, Грузияда ұсталған, алайда экстрадиция жүзеге аспаған. Оған саяси баспана берілген.

Қазақстанда StavkaBet ісі сотқа жетіп, компанияның бірқатар қызметкері нақты мерзімге сотталған. Сонымен қатар Сейсенбаев экономикалық сараптама мен куәгерлердің көрсетілімдері жалған жасалғанын алға тартты. Оның айтуынша, іс бойынша басты тергеуші StavkaBet-тен тәркіленген жабдықты заңсыз сатқаны үшін ұсталған, сондай-ақ оның көмегімен жасырын кассалар жұмыс істеп, тергеуші солардан табыс тапқан.

Сейсенбаевтың Бас прокурорға ресми өтініші

Нұрдәулет Сейсенбаев Бас прокурор Берік Асыловқа ресми түрде жүгініп, заңнамадағы өзгерістерге байланысты өзінің ісін қайта қарауды сұрады. Өтініште қазіргі қолданыстағы нормаларға сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде заңды тұлғалар танылмайтыны, себебі олардың қызметі ұйымдасқан құқықтық нысанда жүзеге асатыны атап өтілген.

Еске салсақ, Сейсенбаев Грузияда әзілкеш Александр Меркулдің стендап шоуына келгені жайлы жазған едік. Кеште сөз сөйлеген ол өзіне тағылған айыпты елдің көзінше айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз