
Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостер әуекомпанияның бұрынғы қызметкері тарапынан өзіне тағылған айыптарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
Бұған дейін экс-қызметкер оны күйеуінің қызметтік мансабын пайдаланып, өзі мен туыстарына арзан әуе билеттерін сатып алды деп айыптаған болатын.
Татьяна Фостердің айтуынша, қоғамдық пікірталастан бас тартып, құқықтық бағаны күткен.
«Мен саналы түрде жария талқылаулардан бас тарттым, себебі тек сот шешіміне сүйеніп, фактілер тілімен сөйлеуді жөн көрдім. Пресс-релизден үзінді келтірейін: «Сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралды. Сот анықталған әрекеттердің заңға қайшы екенін мойындады. Бұған дейін жария кеңістікте Ренат Абулханов тарапынан айтылған, істің нақты жағдайларына сәйкес келмейтін түсіндірмелер расталмады», – деп жазды ол Instagram желісінде.
Ол мұндай жағдайда мүдделі тарап өз ұстанымын қорғау үшін компанияға, оның қызметкерлеріне және үшінші тұлғаларға қатысты жалған айыптауларға баруы мүмкін екенін айтты.
«Алайда сот процесі, сондай-ақ ішкі және тәуелсіз аудит нәтижелері мүлде басқа қорытынды көрсетті», – деп түсіндірді Татьяна Фостер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Абулхановтың тергеу абақтысында өз қолымен жазған алты беттік хаты, мессенджерлердегі әңгімелердің скриншоттары тараған. Онда топ-менеджер сотталушы Air Astana әуе компаниясының басшылығын айыптаған. Атап айтқанда, скриншоттарда компания басшысы Питер Фостердің әйелі Татьяна Фостердің аты аталған. Министрлер де арзан билет сұратқаны туралы мәлімет жарияланған.
Айта кетейік, FlyArystan әуе компаниясының аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған үш қызметкеріне үкім шықты. Дәуір Еркенұлы 9 жылға , Еркін Исанов пен Ренат Абулханов 8 жыл 6 айға сотталды.