Алаяқтардан жаңа айла: Telegram-дағы «тегін кітаптар» смартфоныңызды бұзуы мүмкін

Енді алаяқтар зиянды бағдарламаларды Telegram-дағы «кітап боттары» арқылы таратып жатыр. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы ескертеді.
Шетелдік дереккөздер мен киберқауіпсіздік мамандарының мәліметінше, алаяқтар пайдаланушыларды тегін электрондық кітаптармен қызықтырып, олардың жеке деректері мен қаржысына қол жеткізуді көздейді.
Алдау тәсілі қарапайым әрі психологиялық тұрғыдан сенімді етіп жасалған:
- Хабарлама: Сізге Telegram-да кітаптардың үлкен кітапханасына шектеусіз қолжетімділік туралы жарнамалық хабарлама келеді.
- Ботпен байланыс: Қажетті кітапты іздеу үшін арнайы ботқа сұраныс жібересіз. Бот нақты сервиске ұқсап, кітап сюжетінің қысқаша сипаттамасын ұсынады.
- Қауіпті файл: Кітапты жүктеу немесе оқу түймесін басқанда, бот сізге кітап файлының орнына «арнайы оқу қосымшасы» (арнайы бағдарлама) деген атаумен вирустық файлды жібереді.
Егер сіз ұсынылған файлды смартфоныңызға орнатсаңыз, алаяқтар құрылғыңызды толық бақылауға алады. Банк қосымшаларына кіретін парольдер мен карта деректері ұрланады. Хат алмасулар, жеке фотосуреттер мен бейнежазбалар қаскөйлердің қолына түседі. Алаяқтар сіздің атыңыздан хабарлама жібере алады немесе микрофон мен камераны қоса алады.
Прокуратура кеңесі: Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға шақырады:
- Күмәнді қосымшаларды орнатпаңыз: Ресми маркеттерден (Google Play, App Store) тыс жерден жүктелген файлдарды ешқашан ашпаңыз.
- Бейресми боттардан сақтаныңыз: Тіпті «тегін» деп ұсынылса да, белгісіз боттардан файл жүктеу қауіпті.
- Антивирус қолданыңыз: Құрылғыңызда заманауи қорғаныс жүйесінің орнатылғанына көз жеткізіңіз.