
Алматыда мегаполистегі танымал ойын-сауық орындарының бірінен келушілерге есірткі затын таратты деген күдікпен аспаз ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жедел іс-шаралар барысында ас үй қызметкері жұмыс орнында құрықталды. Ол келушілерге есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінген.
Күдіктіні жеке тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес масса тәркіленген. Барлығы сараптамаға жолданды. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша да қосымша тінту жұмыстарын жүргізді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – есірткінің таралуына жол бермеу және жастарды осы қауіптен қорғау. Адамдар көп жиналатын демалыс орындарында мұндай қатаң әрі жүйелі шаралар тұрақты түрде жалғасады», – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар басқа да тұлғалар мен тасымалдау арналарын анықтау үстінде.
15 қаңтарда есірткі таратты деген күдікпен Астананың 48 жастағы тұрғыны ұсталған. ТІнту кезінде ер адамнан 57 орам, сондай-ақ, кептірілген марихуана салынған үш полиэтилен пакет тәркіленді.