
Елорданың Алматы ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде ірі өрт болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай туралы хабарлама «101» пультіне таңғы сағат 07:57-де түскен. Тілсіз жау №194 пәтердегі 40 шаршы метр аумақты шарпып, жиһаздар мен үй заттарын күлге айналдырған.
Өртті сөндіруге және адамдарды құтқаруға жеке құрамның 40 адамы мен 10 бірлік техникасы жұмылдырылды. 54 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында 4 тұрғын құтқарылды, оның ішінде үш бала бар.
Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметі кезекшісінің көмекшісі Әділ Бұсырмановтың айтуынша, газ-түтіннен қорғау қызметінің үйлесімді жұмысының арқасында сағат 08:15-те өрт ауыздықталды. Ал сағат 08:39-да тілсіз жау толықтай жойылды.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.
Еске салайық, Алматыда да тұрғын үйлерден осындай өрт шыққан. Құтқарушылар бес қабатты үйдегі өрттен екі адамды аман алып шықты