Елдегі логистика жағдайы: жүк тасымалы қалай дамуда

Логистика – кез келген ел экономикасының қан айналымы іспеттес. Өндіріс пен тұтыну арасын жалғайтын негізгі көпір – жүк тасымалы жүйесі. Қазақстан үшін бұл саланың маңызы тіптен ерекше. Ел аумағының кеңдігі, экспортқа бағытталған шикізаттық экономика, транзиттік әлеует – мұның бәрі тасымал көлемінің жыл сайын артуына тікелей әсер етеді. 2025 жылғы деректер соның айқын дәлелі.
2025 жыл қорытындысы: рекордтық көрсеткіш
2025 жылы Қазақстан бойынша тасымалданған жүк көлемі 1 163,6 млн тоннаға жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейлердің бірі. Яғни бір жыл ішінде ел ішінде және халықаралық бағыттарда миллиард тоннадан астам жүк қозғалысқа түскен.
Инфографика 01: 2025 жылдың қорытындысы бойынша логистика жағдайы
Тасымал түрлері бойынша бөлсек:
- Теміржол көлігі – 466,7 млн тонна
Бұл жалпы көлемнің ең үлкен үлесі. Қазақстанның экспорттық жүктерінің басым бөлігі – көмір, металл, астық, мұнай өнімдері – дәл осы теміржол арқылы жеткізіледі. - Автомобиль көлігі – 352,7 млн тонна
Автокөлік ішкі нарықта басты рөл атқарады. Қалалар арасындағы тауар тасымалы, бөлшек сауда логистикасы, ауыл шаруашылығы өнімдері негізінен осы көлік түрімен қозғалады. - Құбыр арқылы – 339,9 млн тонна
Мұнай мен газ экспорты осы көрсеткіштің негізгі бөлігін құрайды. Каспий құбыр консорциумы, Қазақстан–Қытай, Қазақстан–Ресей бағыттары ел бюджетіне қомақты табыс әкеліп отыр.
Ал қалған көлік түрлерінің үлесі салыстырмалы түрде аз:
- Теңіз көлігі – 4,0 млн тонна
- Ішкі су көлігі – 197,7 мың тонна
- Әуе көлігі – 30,1 мың тонна
Бұл деректер Қазақстанда ауыр жүктерді негізінен құрлық арқылы тасымалдау басым екенін көрсетеді.
Инфографика 02: 2025 жыл бойынша өңірлердегі логистика
Өңірлер бойынша тасымал көлемі
2025 жылғы аймақтық статистика өңірлер арасындағы экономикалық белсенділіктің айырмашылығын айқын көрсетеді.
Көш басында тұрған өңірлер:
- Атырау облысы – 137,6 млн тонна
Мұнайлы аймақтың көш бастауы заңды. Экспорттық мұнай ағындарының негізгі бөлігі осы өңірден өтеді. - Ақмола облысы – 114,1 млн тонна
Елдің орталық логистикалық торабына айналып келеді. - Қарағанды облысы – 109,3 млн тонна
Өнеркәсіп пен көмір өндірісі негізгі фактор. - Абай облысы – 94,3 млн тонна
- Павлодар облысы – 87,8 млн тонна
- Ақтөбе облысы – 88,6 млн тонна
Бұл аймақтар – ауыр өнеркәсіп пен шикізат өндірісінің шоғырланған орталығы.
Орташа деңгейдегі өңірлер:
- Маңғыстау – 73,1
- Қостанай – 49,4
- Жамбыл – 44,3
- Қызылорда – 43,4
- Батыс Қазақстан – 38,1
Төмен көрсеткіш тіркелген өңірлер:
- Солтүстік Қазақстан – 23,6
- Жетісу – 21,3
- Шығыс Қазақстан – 21,4
- Ұлытау – 28,8
Ал мегаполистер бойынша:
- Астана – 71,5 млн тонна
- Алматы қаласы – 29,2 млн тонна
- Шымкент – 26,3 млн тонна
Бұл қалалар – елдің тұтыну орталықтары. Мұнда өндірістен гөрі сауда мен қызмет көрсету басым.
Инфографика 03: 2022-2025 жылдар аралағындағы жүк тасымалы
Жүк тасымалы: 2022–2025 жылдар аралығы
2022 жылы жүк тасымалы көлемі 939,5 млн тонна болды. Бұл көрсеткіш пандемиядан кейінгі экономикалық қалпына келу кезеңіне сәйкес келеді.
2023 жылы көлем 980,7 млн тоннаға жетіп, 4,39%-ға өсті. Бұл өсім өндірістің жандануы, ішкі сауданың артуы және логистикалық тізбектердің тұрақтануымен байланысты.
2024 жылы жүк тасымалы 1,078 млрд тоннаға дейін өсіп, бір жылда 10% қосымша өсім көрсетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары қарқын. Мұндай серпінге:
- транзиттік тасымалдың көбеюі
- экспорттық бағыттардың кеңеюі
- инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы әсер етті.
2025 жылы көлем 1,163 млрд тоннаға жетті. Өсім қарқыны 7,86% болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл баяулағанымен, жалпы трендтің оң екенін көрсетеді. Яғни нарық тұрақты өсім фазасына өтті деуге болады.
Инфографика 04: ҚР негізгі ішкі логистикалық жолдар
Қазіргі Қазақстан логистикасын қалай қорытындылауға болады:
Біріншіден, Қазақстан география жағынан ұтып тұр. Біз Еуропа мен Азияның ортасындамыз, Қытай мен Батысты, Ресей мен Оңтүстікті жалғайтын табиғи көпірміз. Бұл – кез келген елге берілмейтін артықшылық. Соңғы жылдары «Орта дәліз», Транскаспий бағыты, Қорғас хабы сияқты жобалар іске қосылып жатыр. Бұл Қазақстанның транзиттік ел ретіндегі рөлін күшейтті. Яғни біз тек өз жүгімізді емес, өзге елдердің тауарын да өткізіп, одан табыс табуға көшіп келеміз. Бұл – стратегиялық дұрыс қадам.
Екіншіден, инфрақұрылым біртіндеп жаңарып жатыр. Жолдар салынып, теміржол тармақтары кеңейіп, логистикалық орталықтар ашылуда. Бірақ мәселе бар: сапа әр өңірде әртүрлі. Кей жерде жол керемет, ал кей облыстарда әлі күнге дейін жүк тасымалдау қиын. Бұл ішкі нарықтың тең дамуына кедергі келтіреді. Логистика мықты өңірлер алға кетеді, әлсіздері артта қалады.
Үшіншіден, автологистикада үлкен проблема бар – шығын көп, жүйе тиімсіз. Жанармай бағасы, көліктің тозуы, қойма тапшылығы соңында өнім бағасын өсіреді. Яғни логистикадағы кез келген ақау халықтың қалтасына тікелей әсер етеді. Бұл сала дұрыс реттелмесе, инфляцияны ұстап тұру қиын.
Төртіншіден, теміржол мен құбыр жүйесі – Қазақстан логистикасының тірегі. Мұнай, көмір, астық экспортын осы арналар ұстап тұр. Бірақ мұнда да тәуелділік бар: бір бағытта ақау шықса, бүкіл экспорттық тізбек бұзылады. Сондықтан балама бағыттарды дамыту өте маңызды. Каспий арқылы теңіз логистикасын күшейту – дәл осы қауіпсіздік үшін керек.