Түркістан облысында миллион теңге бопсалады деген блогер ұсталды

Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақша бопсалады деген күдікпен 32 жастағы блогер әйелді құрықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында белгілі болғандай, күдікті өзін «қоғам белсендісімін» деп таныстырған.
Тергеудің алдын ала мәліметтері бойынша, блогер әйел Келес ауданындағы медициналық мекеме басшысынан 1 миллион теңге көлемінде сыйақы талап еткен. Күдікті бұл соманы бермеген жағдайда, әлеуметтік желілерде мекеме басшысының беделіне нұқсан келтіретін (дискредитациялайтын) материалдар жариялаймын деп сес көрсеткен.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін 12 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелгенін жазған едік. Ол жұмыстарды еш кедергісіз қабылдағаны үшін мердігерден 400 мың теңге көлемінде пара алған.