Жаңалықтар

Астана қаласында биік тұрғын үй өртеніп, тоғыз бала құтқарылды

өрт пожар fire shutterstock
фото: shutterstock

Астана қаласының Сарыарқа ауданында Кубрин көшесінде орналасқан он екі қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі 23 адам эвакуацияланғаны туралы мәлімет таратты.

Министрлік мәліметінше, биік ғимараттың бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде жиһаз жанған. Өрт сөндірушілер тұрғындарды тез арада эвакуациялауға кірісті.

«Құтқарушылар күшімен баспалдақ арқылы 23 адам, оның ішінде тоғыз бала эвакуацияланды», – деп таратты «112».

Тілсіз жау 25 шаршы метрге жайылып үлгерді. Өрт сөндірушілер жалынды сөндірді.

Төтенше оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын ғана Астанада көпқабатты тұрғын үй өртеніп, құтқарушылар үш баланы аман алып шыққан.