«Ит жеккен ел»: Гренландия мәселесі АҚШ пен Еуропаны араздастырып қойды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ пен Еуропа араздығы
фото: shutterstock

АҚШ Гренландияны қосып алу үшін келіссөздер жүргізуге дайын, деп мәлімдеді президент Дональд Трамп. Ақ үй басшысының осы сөздері Еуропа елдерінің шамына тиді.

Трамп Данияны мазақтады

Трамп Құрама Штаттардың Еуропа одағы елдеріне, соның ішінде Данияға да ұзақ жылдар бойы субсидия бөліп келген, енді осы көмекті қайтаратын уақыт келгенін ескертті.

«Қытай мен Ресей Гренландияға көз тігіп отыр, Даниялар оларға ештеңе істей алмайды. Қазір олардың итке жегетін екі шанасы ғана бар, екіншісін жақында ғана алған», – деп мысқылдады Трамп өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне.

Бұған қоса, америкалық президент Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидарлнд және Финляндияға қосымша баж салығын енгізді. 10%-дық тариф 2026 жылғы 1 ақпанда күшіне енеді. Трамп 1 маусымнан бастап оның көлемі 25%-ға ұлғаятынын ескертті.

Трамп Құрама Штаттар Даниямен және жоғарыда аты аталған басқа да елдермен шұғыл келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

Еуропа реакциясы

Кәрі құрлық елдері Трампқа бірден жауап қатты. Сонымен бірге Еуропа 18 қаңтарда шұғыл жиналыс өткізгелі жатыр.

Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен ЕО Дания мен Гренландия халқын қолдайтынын мәлімдеді.

«Баж салығын енгізу трансатлантикалық қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Еуропа егемендігін қорғау мақсатында бірлігінен айрылмайды», – деп жазды ұйым жетекшісі X әлеуметтік желісіне.

Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон Еуропаны ешқандай мәлімдеме қорқыта алмайтынын айтты.

«Украинада, Гренландияда, әлемнін басқа да түкпірінде дәл осындай жағдайға тап болсақ та, бізді ешқандай мәлімдеме қорқыта алмайды. Дәл осы мәселеде баж салығымен саудаласу орынсыз», – деп есептейді француз президенті.

Эстония президенті Кая Каллас АҚШ пен Еуропаның араздығы Ресей мен Қытайға тиімді екенін ашып айтты.

«Қытай мен Ресей осы жағдайдан ләззат алып жатқан шығар. Одақтастар араздығы соларға ғана тиімді», – дейді ол.

Финляндия президенті Александер Стубб Арктика қауіпсіздігін нығайту мен Еуропа бірлігі туралы мәлімдеді.

«Еуропа бірлігі ажырамайды.Біз аумақ тұтастығы мен егемендікті жақтаймыз. Біз Дания мен Гренландияны қолдаймыз», – деп жазды Стубб X желісіне.

Бұл уақытта Гренландия мен Дания халқы Трамп мәлімдемесіне қарсы наразылық акциясын өткізді. Оған мыңдаған адам жиналды.

Сондай-ақ оқыңыз