
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Австралия ашық біріншілігінің (AO-2026) алғашқы раундынан сүрінбей өтті. Ол 18 қаңтарда, жексенбіде басталған ірі турнирдегі бірінші матчында бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны жеңді.
Тартысты өткен матч үш сетке созылды: 3:6, 7:5, 6:3. Ойын шамамен үш сағатқа созылды. Путинцева үш мәрте эйс орындап, бір мәрте допты ойынға қосудан қателесті.
Кездесу кезінде 11 мәрте брейк жасалды, солардың алтауын Юлия жүзеге асырды.
Бүгін Александр Бублик Мельбурндегі алғашқы ойынын өткізеді. Ол америкалық Джексон Бруксбимен кездеседі. Матч Маргарет Корт стадионында Астана уақытымен түскі 13:00-ден кейін басталады.
Биыл Австралия ашық біріншілігіне Қазақстан атынан бес теннисші қатысып жатыр. Зарина Дияс пен Александр Шевченко ертең, ал Елена Рыбакина сейсенбі күні алғашқы ойынын өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, ұзақ уақыт теннис ойнамаған Зарина 2025 жылғы желтоқсанда АО-ға жолдама ойнатылған турнирде топ жарған.