Lifestyle

«36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін»: Рамазан Амантай арықтайтынын мәлімдеді

фото: instagram

Танымал актер, ақын Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында күтпеген әрі алаңдатарлық мәлімдеме жасады. Өнер иесі денсаулығына байланысты дабыл қағып, шұғыл түрде салмақ тастауға кірісетінін айтты.

Рамазанның айтуынша, егер дәл қазір өмір салтын өзгертпесе, оның денсаулығы 36 жасқа дейін ғана жетуі мүмкін.

«Егер дәл осы сәттен бастап өз өмірімді қолға алмасам, 36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін. Шегінерге мүлде жол жоқ. Уәде берейін не бермейін, оның маңызы жоқ. «Алдында да бастадың, тағы тастайсың» десеңіздер де өз еріктеріңізде. Менде басқа амал жоқ. Дәрігерлерге қаралдым, толық чекаптан өттім, аппараттық тексерулерден өттім. Нәтижесін көргенде егер бүгін өзімді қолға алмасам, денсаулығым 36 жасқа дейін ғана жетеді екен. Әрине, бәрі бір Аллаға аян. Өмірді де беретін Алла. Бірақ сақтанғанды сақтайды. Денсаулық – Құдайдың аманаты. Сол үшін нар тәуекел. Өздеріңізге қарап жүріңіздер. Салмақты қалай жинап алғанымды өзім де білмей қалдым. Жинау оңай, ал тастау өте қиын. Жайылмаңыздар», – деді ол.

Рамазан Амантайдың жеке жаттықтырушысының айтуынша, өнер иесінің денсаулық жағдайы шынымен де алаңдатарлық. Қазіргі таңда инфаркт немесе инсульт алу қаупі жоғары.

Мамандардың сөзінше, денедегі артық май барлық ішкі органдарға қысым түсіріп жатыр. Қазір Рамазанның салмағы – 161 келі. Бұл оның қалыпты салмағынан шамамен 70 келіге артық.

Желі қолданушылары өнер иесінің бұл шешімін қолдап, жігерлендіріп пікірлерін жазып жатыр.