Атырауда жоғалған отбасы: қанды оқиғаның ізі қайда апарады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Құқық қорғау органдары Мейрамгүл мен Наурыздың тірі екеніне күмәнданып, мәйіттерді іздегені байқалады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Құқық қорғау органдары Мейрамгүл мен Наурыздың тірі екеніне күмәнданып, мәйіттерді іздегені байқалады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Атырау облысында бір отбасында төрт адамның бірнеше ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетуі жұрттың төбе шашын тік тұрғызды.

«Kursiv» Атырау облысына барып, ауыр қылмыс жайында там-тұм ақпарат жинап, қанды оқиға ізімен жүріп өтті.

Аз-кем, шегініс жасасақ, қаңтар айының басында ерлі-зайыптылар Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денесі ауласындағы асхана ішінен – бір метр тереңдіктен табылды. Ал олардың қызы Мейрамгүл және ұлы Наурыз Мұқанғалиевтерді полиция мен құтқарушылар қанша іздесе де, хабар-ошар жоқ.

Мұның алдында ұлының атынан әлдебіреу «әке-шешемді Ташкентте емдетемін» деген сылтаумен ұсақ-малдарын сата бастаған. Ұзақ уақыт хабарсыз кеткен Максоттың туыстары секемденіп, сиырларын сатқызуға жол бермеген.

Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева денесі ауласындағы асхана ішінен – бір метр тереңдіктен табылды / фото: Шадияр Өстемір
Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева денесі ауласындағы асхана ішінен – бір метр тереңдіктен табылды / фото: Шадияр Өстемір

Туыстары дабыл қағып, бір отбасының жоғалып кеткені туралы полицияға арызданады.

Әйтеуір, отбасының кенжесі Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевтің Шымкент қаласына ұшып барғаны, содан кейін Өзбекстанның шекарасынан асқаны туралы ақпарат бар. Кейбір деректер бойынша, күдікті Өзбекстанда да тұрақтамаған. Екеуіне де іздеу жарияланды. Күдікті – күйеу бала.

Ақбаян Мұқанғалиева кезінде сабағын жақсы оқыған, белсенді қыз болыпты. Бірақ соңғы кездері денсаулығы сыр берген. Дәрігерлер оны бірінші топтағы мүгедек деген ұйғырым бергенімен, әлеуметтік көмекті алуға арызданбағаны анықталып отыр.  

Сұлтан мен Ақбаян жалдаған үй неге қопарылды

Ақбаян мен Сұлтан Атырау қаласында жалдап тұрған үй пойыз жолдың маңында. Айналасы кілең – коттедждер, қымбат, сәулетті үйлер. Сол үйлердің арасында бір көлік әрең сиятын кедір-бұдыр жол кездесті. Бұл жол көзден таса екі отбасыға арналып салынған уақытша тұраққа апарады. Күдікті біраз уақыт жұбайымен осы үйдің сол жағында тұрған.

Терезесінде перде жоқ. Сығалаған адамға Ақбаян мен Сұлтанның тұрмыста қолданған үйге қажетті заттары анық көрінеді. Үйді тазалап, реттесе де, төселген линолеум бетінде әр жерлерден топырақ пен кесек әлі жатыр.

Ақбаян мен Сұлтан соңғы кездері осы үйді жалдап тұрған / фото: Шадияр Өстемір
Ақбаян мен Сұлтан соңғы кездері осы үйді жалдап тұрған / фото: Шадияр Өстемір

Өйткені полиция қызметкерлері бұл үйдің астын қопарық қазып көрген. Тіпті, үйдің төңірегін түгел тінтіп, қазба жұмыстарын жасапты. Құқық қорғау органдары Мейрамгүл мен Наурыздың тірі екеніне күмәнданып, мәйіттерді іздегені байқалады.

 «Шұңқыр қазу – сөз емес»

Күдікті деп танылған, жоғалған отбасының күйеу баласы – Сұлтан Атырау қаласынан шамамен 60 шақырым жердегі Махамбет ауылының тумасы. Туған үйі де үлкен ауылдың бір қуысында. Жөн білмейтін адамның тауып баруы өте қиын.

Сұлтанның үйінің алдындағы қорасында төрт-бес сиыр бар. Бұзылған ескі жүк көлігі тұр. Өзге ауылдағы үйлермен салыстырғанда, бұл отбасының тұрмысы жұпыны көрінеді. Қоршаудың сыртында қанға толы тегене жаңа ғана мал сойылғанынан хабар береді.  

Терезеден үйелмелі-сүйелмелі екі-үш жас баланың басы қылтияды. Сұлтан мен Ақбаян шекара асарда балаларын осы үйге тастап кеткен.

Күдікті шекара асарда балаларын осы үйге тастап кеткен / фото: Шадияр Өстемір
Күдікті шекара асарда балаларын осы үйге тастап кеткен / фото: Шадияр Өстемір

Күдіктінің анасын тілге тарту оңай болмады. Сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Видеооператордың бейнежазбаға түсіріп жатқанын көріп, ашуға ерік берді. Қарғап-сілеп, тұра ұмтылып, қолындағы жем салатын тегешін лақтырып жіберді. Ұлын мұндай ауыр қылмысқа күдікті деп тану кімге болса да аса ауыр екенін айтып жату артық. Әсіресе, ана жүрегіне.

Махамбет ауылының тұрғындарының сөзіне қарағанда, күдікті – тым тұйық адам. Құрдастарымен де көп араласпайтын көрінеді. Сондықтан, Сұлтанды танимын, жақсы білемін деген адамдар жиі кездеспеді.

Бір анықтаған нәрсеміз, күдікті ауылда дәретхана қазып әбден машықтанған екен. «Жалғыз өзіне бір-екі метр тереңдікте шұңқыр қазу сөз емес» дегендер болды.

Жангелдиндегі жағдай

Атыраудың ауа-райы өте құбылмалы. Біз ұшақтан түскен күні жаңбыр жауған. Қала батпағы езіліп жатты. Ал сапар барысында күн күрт суып, жаңбыр тоңға сіңбей, дала түгелдей мұзға айналып кеткен. Азынаған жел өңменіңнен өтеді. Сондықтан Махамбеттен Жангелдин ауылына дейінгі жол көктайғақ. 380 шақырым жолды төрт-бес сағат жүруге тура келді.

Қызылқоға ауданының табиғаты Атыраудан гөрі қаталдау сезілді. Қары қалың. Желі мен аязы бет қаратпайды. Сондықтан Жангелдин ауылының көшесінен жан баласы көрінбейді. Анда-санда бір көлікті ғана көзің шалады. Бірін-бірі жақсы танитын алақандай ауылда бүкіл қазақстандықтардың жағасын ұстатқан ауыр қылмыстың жасалуы тұрғындарды қатты үрейлендірген. Тіпті, ауыл әкімі Ғайса Қанатқа да оңай тимеген.

Ауыл әкімі Ғайса Қанат / фото: Шадияр Өстемір
Ауыл әкімі Ғайса Қанат / фото: Шадияр Өстемір

Оның айтуынша, былтыр 2 қарашада күдікті жұбайымен бірге қайынжұртына келіп, үш күн жатқан. Әкім күн күрт суығанда – Желтоқсан айында бұл отбасы үшін алаңдап Наурыздың нөміріне өзі хабарласқан.  

«Наурызға WhatsApp арқылы: «Ауылда түнде боран болды. Наурыз, қайдасың? Малың не болып жатыр? Газ жанып тұр ма?» – деп жаздым», – дейді ауыл әкімі.

Наурыздың WhatsApp-ынан: «Алаңдамаңыз, (біреуге – ред) тапсырып қойдым», – деген жауап келген.

Күдікті неге алысқа ұзай алмайды

Ауыл тұрғындары алғашқыда үрейге бой алдырғанын жасырмайды. Бұрын есігі ашық-шашық қазақтың ауылы енді құлыпты бекітпей төсекке жатпауы осыны көрсетсе керек.

БАҚ өкілдерінің бірінен кейін бірі келіп, ауыл тұрғындарын сұрақтың астына алуы аздап шаршатқаны байқалады. Тіпті, бұл жантүршігерлік оқиғаны ұмытып, қалыпты өмірге қайта оралғысы келетіні аңғарылады. Күдіктінің анықталуы, оның ауылға тек күйеу екені де сабырға келуге себеп болғандай.

Жангелдин ауылындағы ескерткіштер / фото: Шадияр Өстемір
Жангелдин ауылындағы ескерткіштер / фото: Шадияр Өстемір

Сұлтанды қазір Интерпол іздеп жатыр. Тұрмысы жадау екеудің шетелде ұзақ уақыт күн көруі де – үлкен мәселе. Оның үстіне, қазір күдікті бұрынғыдай жоғалған отбасыға түсетін зейнетақы, жәрдемақылардан қағылған. Өйткені, бүкіл шоттары мен карталары бұғатталған.

Полиция өкілдері бұл істе Сұлтанды күдікті деп тануға лайықты нақты айғақтары бар екенін алға тартып отыр.

«Қазіргі басты қалауымыз – күдіктіні тезірек елге ұстап әкелу», – дейді Атырау облысы полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Мейірім Ердәулет. Сонда бұл сұмдық оқиғаның сыры түгелдей ашылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз