Бапи бірпалаталы Парламентке партияда жоқ азаматтардың квотасын енгізуді ұсынды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Бапи
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қызылорда қаласында өткізілетін Ұлттық құрылтай алдында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бірпалаталы Парламентке қатысты өзінің ұсынысын білдірді.

Депутаттың айтуынша, партияда жоқ азаматтардың сайлану құқына қатысты мәселе өзекті. Бапи егер елде 8 миллионға жуық партияда жоқ сайлаушы азаматтар бар екенін ескерсек, бұл сұрақты жылы жауып қоюға болмайды деп есептейді.

«Мұндай жағдайда алда болатын парламенттік сайлаудың легитимдігіне азаматтық қоғам тарапынан оң баға берілмеуі әбден мүмкін. Билікке деген мұндай ерегес қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды! Бірден айтайын, мен өзім бір мандатты сайлау жүйесі бойынша сайланған депутат бола тұрсам да, Президент Тоқаевтың өткен күздегі Халыққа жолдауында айтылған партиялық сайлау жүйесін қолдаймын. Бұл – елді партиялық негізде жұмылдыру мен қоғамда орын алуы мүмкін түрлі тәуекелдерге төтеп беретін, әсіресе бүгінде теңселіп тұрған геосаяси әлемде біздің елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға, жекелеген сепаратистік пиғылдарға тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін жүйе екенін мойындау керек», – дейді ол.

Дегенмен депутат қоғамда партияда жоқтардың сайлау және сайлану құқын қалай қамтамасыз етеміз деген сұрақ барын атап өтті. Ол Парламенттік реформа жөніндегі жұмысшы тобы мен Ұлттық Құрылтайдың хатшылығына бір ұсыныс білдірді.

«Қолданыстағы сайлау туралы заңнамаларда сайлауға түсетін саяси ұйымдардың партиялық тізімдеріне квота енгізу мүмкіндіктері туралы нормалар бар. Мәселен, жастар квотасы, гендерлік квота және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пайыздық квотасының мөлшері белгіленген. Бүгінгі Парламенттегі партияларда бұл квота қатаң сақталған. Ендеше, ел президенті белгілеген референдумнан кейін, парламентте талқыланатын бір палаталы парламентке байланысты заңнамаларға партияда жоқ азаматтардың квотасын енгізу мүмкіндігі туралы норманы неге енгізбеске?» – дейді ол.

Бапидің сөзінше, мұндай жағдайда, сайлауға түсетін әр партия өз қатарына партияда жоқтарды жария түрде шақырып, партияішілік праймериз арқылы таңдаудан өткен азаматтарды партиялық тізімге енгізу мүмкіндігі туар еді. Партияда жоқтарды мемлекеттік мүдде жолында партияларға тарту және салауатты қоғам белсенділерін өкілетті билікке саяси интеграциялау мүмкіндігі арқылы қоғамды ортақ ықыласқа жұмылдыру ықтималдығы артар еді.

Бүгін Астанада өткен жұмыс тобының отырысында Тоқаев конституциялық реформаның талқылана бастағанына жарты жыл болғанын, осы уақытта қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсатына қатысты дұрыс түсінік қалыптасқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Президент Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажеттігін айтты.

Айта кетейік, ертең Қызылордада Ұлттық құрылтай отырысы өтеді. Отырысқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Ұлттық құрылтайға биыл елдің түрлі өңірлеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жүз шақты қызметкері қатысады. 

Сондай-ақ оқыңыз