Lifestyle

Букмекер мен онлайн-казино айырмашылығы: Қайсар Қамза қай жерден қателесті

коллаж: ЖИ

Соңғы жылдары Қазақстанда құмар ойындарға қатысты заң талаптары қатаңдап келеді. Алайда көпшілік букмекерлік кеңсе мен онлайн-казиноның айырмашылығы мен жарнамасына қойылатын талаптарды шатастырып жатады. Бұл екі ұғым бір-біріне ұқсас көрінгенімен, заң тұрғысынан айырмашылығы бар.

Kursiv LifeStyle Букмекерлік кеңсе мен онлайн-казиноның айырмашылығына тоқталады. Құмар ойын жарнамасына қатысты заң талаптарын саралай отырып, блогер Қайсар Қамза не себепті ауыр жағдайға тап болғанын талдап көрді.

Букмекерлік кеңсе деген не

Букмекерлік кеңсе – спорттық немесе өзге де оқиғалардың нәтижесіне бәс «(ставка) қабылдайтын ұйым. Яғни, адам нақты бір спорттық матчқа, жарысқа немесе оқиғаға болжам жасап, ақша тігеді.

Мысалы: футбол, бокс, теннис матчтарының нәтижесі, гол саны, жеңімпаз, есеп, киберспорт, тіпті саяси оқиғалар мен танымал сериалдардың немен аяқталатынына дейін бәс қабылдайтын букмекерлік кеңселер бар.

Қазақстанда букмекерлік қызмет лицензиямен жүзеге асырылады және заңмен реттеледі. Қаржы министрлігінің ресми мәліметіне сенсек, елде лицензия алып, тіркелген 13 букмекерлік кеңсе бар. Олардың әрқайсысы мемлекетке салық төлейді.

Онлайн-казино деген не

Онлайн-казино – интернет арқылы істейтін құмар ойын платформасы. Мұнда ойын нәтижесі спорттық оқиғаға емес, кездейсоқтыққа (рандомға) негізделеді.

Онлайн-казинода:

  • слоттар (ойын автоматтары)
  • рулетка
  • покер
  • live-казино ойындары болады

Қазақстан заңнамасына сәйкес, онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған. Олардың ел аумағында жұмыс істеуіне де, жарнамалануына да рұқсат жоқ.

Негізгі айырмашылық

Букмекерлік кеңсеОнлайн-казино
Бәс нақты оқиғаға негізделедіОйын кездейсоқ алгоритмге негізделеді
Қазақстанда лицензиямен рұқсат етіледіҚазақстанда тыйым салынған
Кей жағдайда жарнамалауға боладыЖарнамасына толық тыйым салынған
Спортпен байланыстыҚұмар ойын формасы

Жарнамаға қатысты заң не дейді

Қазақстанда құмар ойындар жарнамасын «Жарнама туралы» заң және Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті бақылайды.

Букмекерлік кеңсе жарнамасы

Букмекерлік кеңселердің жарнамасы шектеулі түрде рұқсат етіледі.

Жарнама орналастыруға толық тыйым салынған орындар

Сыртқы жарнама

Көшелерде, ғимараттардың қасбеттерінде, көлік құралдарында және өзге де сыртқы құрылымдарда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға толық тыйым салынады.

Алайда бұл талап букмекерлік кеңселердің өз ғимараттарының ішкі бөлігіне, спорт нысандарының ішіне және спортшылардың киімдеріне қолданылмайды. Сонымен қатар букмекерлік компаниялардың логотиптері мен тауар белгілерін басқа бизнес салаларының жарнамасында пайдалануға рұқсат жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдары

Еліміздегі спорттық телеарналарды қоспағанда, кинотеатрларда, анықтамалық басылымдарда және жалпы бағыттағы БАҚ-та букмекерлік жарнамаға тыйым салынады.
Ал «Хабар», Qazaqstan секілді жалпы мазмұндағы телеарналар букмекерлік кеңселерді халықаралық спорттық іс-шаралардың тікелей көрсетілімдері кезінде ғана жарнамалай алады.

Көлік құралдары

Қоғамдық және жеке көлік құралдарында букмекерлік жарнама орналастыруға толық тыйым салынған.

Қай жағдайда жарнамаға рұқсат етіледі

Спорттық БАҚ

Букмекерлік кеңселерді тек заң бойынша тіркелген, спорт тақырыбына маманданған телеарналар мен спорттық бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға рұқсат берілген.

Спорттық іс-шаралар мен киімдер

Букмекерлік компаниялардың логотиптері мен тауар белгілерін спортшылардың спорттық киімдерінде және спорттық құрал-жабдықтарында орналастыруға болады. Мысалы, букмекерлік компаниялардың логотиптері футболшылардың формасында немесе «сүйікті командаңды қолда» деген жазуы бар баннерлерде кездессе, заңды.

Халықаралық спорттық жарыстардың тікелей трансляциясы

Букмекерлердің жарнамасы жалпы мазмұндағы телеарналарда тек халықаралық спорттық іс-шаралардың тікелей көрсетілімі кезінде рұқсат етіледі. Трансляцияға дейін немесе одан кейін жарнама көрсетуге тыйым салынады.

Турнирлер мен спорт нысандарының атауы

Заң талаптары сақталған жағдайда букмекерлік кеңселердің тауар белгілерін спорттық турнирлердің, нысандар мен жобалардың ресми атауларына енгізуге мүмкіндік бар.

Айыппұл көлемі қандай

Заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алғаш рет ереже бұзғаны үшін:

  • жеке тұлғаларға – 60 АЕК
  • лауазымды тұлғаларға – 80 АЕК
  • шағын бизнес пен КЕҰ субъектілеріне – 120 АЕК
  • орта бизнеске – 170 АЕК
  • ірі бизнеске – 400 АЕК

Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда:

  • жеке тұлғаларға – 170 АЕК
  • лауазымды тұлғаларға – 200 АЕК
  • шағын бизнес пен КЕҰ субъектілеріне – 250 АЕК
  • орта бизнеске – 350 АЕК
  • ірі бизнеске – 650 АЕК

Комитет мәліметінше, заң бұзушылық үшін жарнама беруші, жарнаманы дайындаушы және оны таратушы тараптардың барлығы бірдей жауапкершілікке тартылады.

Ал онлайн-казиноны жарнамалауға елімізде толықтай тыйым салынған.
Тіпті: логотипін көрсету, атауын атау, сілтеме беру, промокод ұсыну заң бойынша жарнама болып есептеледі.

Қайсар Қамзаның жағдайы неге ауыр

Қаржы мониторингі агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялап, оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Қамза заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Бұл істің ауырлығына бірнеше маңызды себеп бар.

1. Заңсыз ойын бизнесіне жүйелі түрде қатысуы

Агенттік мәліметінше, Қайсар Қамза кемінде бес жыл бойы Instagram желісіндегі @qais_arr аккаунты арқылы және Telegram-дағы «Қора энтертейнмэнт» атты жабық арнада (368 мың жазылушы) құмар ойындарды тұрақты түрде насихаттаған.
Бұл – бір реттік жарнама емес, ұзақ уақытқа созылған жүйелі әрекет ретінде бағаланып отыр. Қазақстан заңнамасында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға немесе оған жәрдемдесуге қатаң тыйым салынған.

2. Заңсыз табыс және криптоактивтерді пайдалану

Агенттік ақпаратына сәйкес, Қайсар Қамза ойын платформасынан сыйақы, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде тұрақты табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру үшін криптоәмиян пайдаланылған. Тергеу барысында сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивке тыйым салынды.

3. Бірнеше бап бойынша жауапкершілік қаупі

Қайсар Қамзаның ісі заңсыз жарнама мәселесімен ғана шектелмейді. Тергеу органдары әрекеттерді:

  • заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу,
  • қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру,
  • қаржылық операцияларды жасыру
    ретінде бағалап отыр.

Бұл Қылмыстық кодекс бойынша ауыр санкцияларға әкелуі мүмкін. Бұған дейін Қайсар Қамза 7 мен 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін жазған едік.