Израильдің жауынгерлік ұшақтары Ливанның оңтүстігін атқылады

Израиль авиациясы Ливанның оңтүстігіндегі Ансар және Зарария елді мекендерінің арасында орналасқан аумаққа, сондай-ақ, Серире және Баруз елді мекендерінің жанындағы Литани өзенінің арнасына соққы берді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.
Сонымен қатар, Израильдің жауынгерлік ұшақтары Басалия, Кафр-Малки және Махмудия елді мекендеріне, сондай-ақ, Лувейз елді мекенінің маңындағы Шетта өзенінің арнасына шабуыл жасады.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалар мен фотосуреттер зардап шеккен аудандардың үстінде түтін көтеріліп жатқанын көрсетеді.
Ливан билігі шабуылдар туралы әлі түсініктеме берген жоқ, құрбандар туралы да хабарламады.
Өз кезегінде Израиль армиясының баспасөз қызметі Ливанның оңтүстігіндегі әртүрлі аудандарда «Хезболлаға» тиесілі нысандар соққы жасағанын хабарлады.
Зардап шеккен нысандардың ішінде «Хезболла» жаттығу лагерлері, қару-жарақ сақтауға арналған жерасты туннельдері, зымыран ұшыру алаңдары және басқа да әскери нысандар бар.
Айта кетейік, осыған дейін Израильдің қорғаныс күштерінің шабуылы кезінде Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» қозғалысының элиталық бөлімшесі «Әл-Хаджи Радван» батальонының жетекшісі Ахмад Аднан Бажиги қаза тапқан еді.