
Қазақстанда ағымдағы шоттардағы қаражатқа пайыз есептеуге рұқсат берілді. Енді қазақстандықтар ақшасын депозитте ғана емес, қарапайым ағымдағы шотта сақтаса да, банк тарапынан сыйақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Алайда заңды және жеке тұлғалардың ағымдағы шоты бойынша бар-жоғы 1 пайыз сыйақы төленуі мүмкін. Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың жазуынша, мұндай шешімнен үлкен өзгеріс болмайды, тек сырт көзге арналған қадам болып отыр.
Қаржыгердің айтуынша, бұған дейін бизнес пен жеке тұлғалардың ағымдағы шоттарындағы қалдық банктер үшін «тегін ресурс» болып келді. Банктер бұл қаражатты ақысыз дерлік пайдаланып, Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі жағдайында қомақты табыс тапты.
Оның есептеуінше, базалық мөлшерлеме 18% болған кезде банктер ағымдағы шоттардағы шамамен 6 трлн теңгені 0–1% мөлшерлемемен тартып отырды. Ал Ұлттық банк бұл ресурстарға 17% деңгейінде кіріс әкелетін жағдай жасап берген. Соның нәтижесінде банк секторына жыл сайын шамамен 1 трлн теңгеге жуық қосымша пайда түсті.
Қаржыгердің жазуынша, ағымдағы шоттардағы негізгі қаражаттың басым бөлігі ірі бес банкке тиесілі. Бұл өз кезегінде нарықтағы ең ірі ойыншылардың одан әрі күшейіп, табысының еселенуіне алып келді. 2025 жылдың 11 айда банктердің таза пайдасы 2,5 трлн теңгеден асып, капиталдың табыстылығы (ROE) 30%-ға жеткен. Мұндай көрсеткіштер әлемдегі ең ірі қаржы институттарының өзінде сирек кездеседі.
Сонымен бірге билік банктердің шамадан тыс табысын азайту үшін валюталық депозиттерге арналған ең төменгі резервтік талаптарды (МРТ) көтерді. Алайда бұл шешімнің кері әсері бар. Өйткені жоғары табыс негізінен ірі банктерде шоғырланғанымен, жаңа талаптар бүкіл секторға бірдей қолданылады. Нәтижесінде шағын және орта банктерге салмақ түсіп, нарыққа кіру бұрынғыдан да қиындай түсуі мүмкін.
Бұдан бөлек, валюталық міндеттемелерге қойылатын жоғары резервтер банктердің шетел валютасындағы қаражат тартуын азайтып, капиталдың сыртқа кету қаупін күшейтеді.
Ғалым Құсайыновтың пікірінше, Қазақстан бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге емес, ірі банктерге тиімді жеке жолды таңдағандай. Ал бұл банктер бюджет ұйымдары, шағын бизнес пен қарапайым азаматтардың есебінен табысын арттырып отыр. Осы тұста халықтың нақты табысы былтыр 2%-ға төмендегені де алаңдатады.
Сарапшы реттеуші орган ағымдағы шоттар бойынша ең жоғары мөлшерлемені 1% деңгейінде шектеуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, пайызды жасанды түрде төмендету банктердің өтімділік тәуекелін шешпейді, тек клиенттің ақшасын пайдаланғаны үшін ақы төлемеуге мүмкіндік береді.
«Банктер және банк қызметі туралы» заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қаңтарда қол қойған.
Заң жобасы Мәжілісте талқыланған кезде депутат Ерлан Саиров 5 жылда банктер қазақстандықтардың картасында жатқан ақшаның есебінен 4 трлн теңге таза пайда тапты деп мәлімдеді. Мәжілісмен мұны «мемлекеттің банктерге жасаған сыйы» деп атап, ағымдағы шотта жатқан қаржыға қайтадан сыйақы төлеуді енгізуді ұсынған.
Алайда Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова азаматтардың картасында жатқан ақшаға пайыз есептеу мәселесін қайта көтеру – «популистік ұсыныс» деп тұжырымдаған. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе бұған дейін банктер мен мемлекеттік компаниялар үшін үлкен тәуекел туғызып, қаржы шығынына әкеп соққан.