Қазақстанның шетелдегі мұнай активтерін басқаратын компания рекорд табыс алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
фото: «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» құрамындағы KMG International компаниясы 2025 жылы 128 млн доллар таза табыс тапқан. Бұл – KMGI тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.

Шоғырландырылған EBITDA көрсеткіші 424 млн долларды құрады. Бұл 2024 жылғы деңгейден 61%-ға жоғары.

Мұндай нәтиже өндіріс көлемінің сақталуы, сатылымның өсуі және операциялық тиімділіктің артуының арқасында мүмкін болды. Компания өз қызметін тұрақты жүргізіп, негізгі нарықтардағы позициясын нығайтты.

Румыниядағы 2025 жылы Petromidia мұнай өңдеу зауытында 5,88 млн тонна шикізат өңделген. Зауыттың орташа нақты өңдеу өнімділігі тәулігіне 14,9 мың тонна деңгейінде қалыптасты.

KMGI еншілес ритейл компанияларының сату көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 14%-ға артты. Өсімге Румыниядағы, сондай-ақ Молдова, Болгария және Грузия елдеріндегі көтерме және трейдинг бағытындағы сатылымдардың ұлғаюы әсер етті.

Жанармайға қатысы жоқ тауарлардан түскен пайда 56,9 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.

KMG International тобы – ҚМГ-ның еншілес компаниясы. Ол Румыния аумағында екі мұнай өңдеу зауыты, мұнай терминалы, сондай-ақ Rompetrol деген танымал бренд негізінде төрт елде орналасқан 1,4 мың жанармай құю бекетіне және басқа да активке иелік етеді.

KMG бұл мұнай өңдеу зауыттары үшін мұнайды Қазақстаннан да, өзге жеткізушілерден де сатып алады. Компания өзіне тиесілі Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан бұрын, Румыниядағы екі зауытын модернизациядан өткізген. KMG International алдағы уақытта сатылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз