
Энергетика министрлігі мен Siemens энергонысандардағы цифрлық басқару жүйелерін бағалау бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, Siemens компаниясы «Астана-Энергия» АҚ энергия нысандарында (1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО) SCADA-жүйелеріне пилоттық зерттеу жүргізген. Аталған жүйе энергетика саласындағы жаңғыртудың кешенді тәсілін қалыптастыруға бағытталған.
«Жұмыс шеңберінде SCADA жылу жүйелерінің жай-күйіне бағалау жүргізіп, оның технологиялық және ақпараттық тәуекелдер анықтайды. Сондай-ақ энергия нысандары жұмысының сенімділігі мен тұрақтылығына әсер ететін түйткілді тұстар айқындалады. Пилоттық зерттеудің нәтижелері SCADA-жүйелерін жаңғырту, өнеркәсіптік және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша бірыңғай талаптар мен ұсынымдарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің басқа да энергия және жылу өндіруші нысандарына озық тәжірибелерді кейіннен тарату үшін негіз болады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда энергетика саласына арналған киберқауіпсіздік орталығы құрылатыны хабарланған еді. Оның мақсаты – жылу-энергетика орталықтары (ЖЭО) мен отын-энергетикалық кешеннің басқа да нысандарын хакерлік шабуылдардан қорғау.